Шығыс Қазақстанда көкжөтелмен ауырғандар саны 2 есе артты

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері көкжөтелдің 32 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе артып отыр.

Фото: ҚР ПІБ

ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, көкжөтелге шалдыққандардың барлығы 14 жасқа дейінгі балалар.

– 29 шілдедегі жағдай бойынша облыста көкжөтелдің 32 жағдайы зертханалық түрде расталды. Оның 28-і Өскеменде, 4-і Ұлан ауданында тіркелген. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі – бір жасқа дейінгі 14 сәби, 1-5 жас аралығындағы 17 бүлдіршін және 5-9 жас аралығындағы бір бала, – дейді департамент басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина.

Мамандарды алаңдатып отырған негізгі мәселе – науқас балалардың басым бөлігінің екпе алмауы. Тіркелген 32 жағдайдың 30-ы вакцина салдырмаған балалар арасында анықталған. Оның ішінде 17 бала ата-анасының бас тартуына байланысты вакцина алмаса, 12 балада медициналық қарсы көрсетілім болған. Ал бір сәби екпе салынатын жасқа әлі жетпеген.

- Көкжөтел – тыныс алу жолдарын зақымдайтын өте жұқпалы бактериялық инфекция. Әсіресе бұл ауру нәрестелер мен балалар үшін қауіпті. Көкжөтелдің алдын алудың ең тиімді жолы – уақтылы вакцина алу, - делінген ақпаратта.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда көкжөтелмен ауырғандар саны 2,4 есе азайғаны хабарланған.