«Қазгидромет» РМК облыстық филиалының мәліметінше, айдың басы біршама жылы басталады. Мамырдың алғашқы күндері күндіз ауа температурасы 14… 19°С-қа дейін жылынады, алайда түнде әлі де үсік жүруі мүмкін. Ал алғашқы онкүндіктің соңына қарай температура айтарлықтай көтеріліп, кей жерлерде 26… 31°С-қа жетеді.
- Ай бойы жылынудан кейін қысқа мерзімді салқындау байқалып, артынша қайтадан ыстық ауа райы оралады. Мұндай құбылмалы жағдайлар өңірдегі көктем мезгіліне тән, - делінген ақпаратта.
Екінші онкүндікте ауа райы қайта өзгереді. Қысқа уақыттық салқындау кезінде күндізгі температура 16… 21°С, түнде 5… 10°С шамасында болады. Одан кейін жылу қайта оралып, кей аудандарда 30… 35°С-қа дейін ыстық күтіледі. Алайда онкүндік соңына қарай аптап бәсеңдейді.
Ал үшінші онкүндікте ауа райы ысығанымен, кейін температура күрт төмендейді. Күндіз 10… 15°С-қа дейін салқындап, түнде 0… 5°С-қа дейін түседі. Таулы жерлерде -5°С-қа дейін үсік болуы мүмкін.
Ай соңына қарай температура қайтадан көтеріле бастайды. Жалпы алғанда, мамыр айы өңірде құбылмалы ауа райымен ерекшеленеді.
Еске салсақ, осыған дейін СҚО-да сәуір айында ауа райы қандай болатындығы жайлы жазғанбыз.