Алғашқы қайғылы жағдайдан кейін облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері су айдындарындағы профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Жаз басынан бері 1090 рейд өткізіліп, қауіпсіздік талаптарын бұзған 80-нен астам адам анықталған.
Қазіргі уақытта балаларымен демалуға келген отбасыларға ерекше көңіл бөлініп отыр.
«Балаларды судағы қауіптен сақтаңыз!» республикалық акциясы аясында құтқарушылар жағажайларда ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне ең алдымен ересектер жауапты екенін еске салып жатыр.
— Басты мақсатымыз — қайғылы оқиғалардың алдын алу. Сол себепті облыстың халық көп шоғырланатын су айдындарында профилактикалық жұмыстар күн сайын жүргізіледі, — дейді құтқарушылар.
ТЖД қызметкерлері азаматтарды тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылуға, мас күйде суға түспеуге, бейтаныс жерлерде жүзбеуге және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады. Сондай-ақ қайықпен, катермен немесе өзге де жүзу құралдарымен жүрген кезде міндетті түрде құтқару кеудешесін кию қажет.
Еске салсақ, осыған дейін Қапшағайда жас қыз бен жігіт суға батып кеткені хабарланған.