Шығыс Қазақстанда үш жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының ауылдарында үш жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында Глубокое ауданы Тарханка ауылында өрт сөндіру бекеті құрылды. Аталған бекет Тарханка, Винное және Веселое елді мекендерінде тұратын 3000-нан астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.
— Жобаны Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі қолға алды, ал серіктес ретінде «Милейко» ЖШС қолдау көрсетті. Сондай-ақ Шемонаиха ауданындағы Красная Шемонаиха және Сугатовка ауылдарында екі өрт сөндіру бекеті ашылды. Ол бекеттер Красная Шемонаиха, Белый Камень, Сугатовка, Горкуново және Кенюхово ауылдарында тұратын 1500-ден астам адам үшін қызмет көрсетеді, — делінген ақпаратта.
Ашылған барлық бекеттер тәулік бойы қызмет атқаруға арналған қажетті үй-жайлармен жабдықталған. Материалдық-техникалық жарақтандыру құрамына өрт сөндіру және құтқару құрал-жабдықтары, байланыс құралдары және жеке құрамға арналған арнайы киімдер кіреді.
Еске салсақ, осыған дейін Астанада үш қабатты ғимараттан өрт шыққаны хабарланған.