Шығыс Қазақстандағы 300-ден астам учаскеде қар көшкіні жүру қаупі бар

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіні қаупі жоғары кезең басталды.

Фото: ШҚО ТЖД

«Қазселденқорғау» мекемесі ШҚО филиалы қызмет көрсететін аумақта қар көшкіні жүру қаупі бар 325 учаске орналасқан. Олардың бойында 93 шақырым автокөлік жолы, мереке және демалыс күндері демалушылар саны 3000 адамнан асатын туристік және шаңғы базалары бар. 

– Мамандар 20 қар көшкіні маршруттарын әзірледі. Оларға 160 қар өлшеуіш тақтайшалар орнатылған. Қар көшкіні жинақталатын учаскелердің жалпы жай-күйін, қар көшкіні жүру қаупінің бар-жоғын, қар массасының жиналу деңгейін анықтау мақсатында көшкін жүру қаупі бар учаскелерге апта сайын тексеру жүргізіледі. Демалыс аймақтарында, шаңғы базаларында және автокөлік жолдарының бойында 40 ескерту қалқаны орнатылды, – делінген филиал ақпаратында. 

Өткен жылы қар көшкінінің алдын алу мақсатында 14 профилактикалық көшкін жүргізіліп, нәтижесінде жалпы көлемі 5231 текше метр қар түсірілді. 

«Таулы аймақтарға шығар алдында ауа райы жағдайымен міндетті түрде танысу қажет. «112» қызметінен дауылды ескерту алған жағдайда тәуекелге бармай, қар көшкіні қаупі бар маршруттармен жүрмеуге шақырамыз», – деп ескертті ШҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Ануар Қайсанов.

Еске салсақ, бұған дейін ШҚО-да республикалық маңызы бар жолдың бір бөлігін тас көшкіні басып қалғаны хабарланған.