ШҚО-да республикалық маңызы бар жолдың бір бөлігін тас көшкіні басып қалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар «Өскемен-Алтай-Катонқарағай-Рахман қайнарлары» тасжолының бір бөлігіне жартастан ірі тастар мен ұсақ жыныстар құлады.
Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде жылдам тарап, көлік жүргізушілері арасында қызу талқыланды.
Куәгерлердің айтуынша, тас құлаған сәтте жолдың бұл бөлігінде көліктер болмаған. Сондықтан зардап шеккендер мен бүлінген көліктер жоқ.
Дегенмен жүргізушілер жол үстіндегі ірі тас кесектері мен тау жыныстарының сынықтарын айналып өтуге мәжбүр болды.
Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының облыстық филиалынан түсініктеме берді. Белгілі болғандай, тас көшкіні жолдың 25-шақырымында күндіз болған.
— Бүгін сағат 14:00–де патрульдеу кезінде республикалық маңызы бар «Өскемен-Алтай-Катонқарағай-Рахман қайнарлары» жолының 25-шақырымында тас көшкіні жүргені анықталды. Қазіргі уақытта көліктердің қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысы қамтамасыз етілді. Оқиға салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр, — делінген ақпаратта.
Қазір арнайы техника жолдың жүру бөлігін тау жыныстарының сынықтарынан тазартты. Алайда мамандар тастардың қайта құлау қаупін болдырмау үшін аумақты бақылауды жалғастырып жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда көшкін қаупі бар 18 жер учаскесі қорғауға алынғаны хабарланған.