Шығыс Қазақстанның қай аудандарында су тасқыны қаупі бар

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының бірнеше ауданында су тасқыны қаупі сақталып отыр. 

Фото: ШҚО ТЖД

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда облыс аумағының 61%-ын қар алып жатыр.

«Өңірде дауылды ескерту жарияланды. Болжам бойынша жауын-шашын мол жауады. Қар белсенді еріп жатқандықтан өзен-көлдерде су деңгейі көтерілуі мүмкін. Облыстағы су қоймалары тәулік бойы бақылауда», - делінген ақпаратта.

Құтқарушылар қауіпті аймақтарда тұратын тұрғындарға су тасқыны кезінде өзін-өзі ұстау ережелері бойынша нұсқаулық беруде.

«Риддер, Шемонаиха қалалары, Катонқарағай, Марқакөл, Глубокое, Үлкен Нарын және Алтай аудандарында су тасқыны қаупі бар. Алтай ауданында профилактикалық жұмыстарға ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты №68303 әскери бөлімінің қызметшілері тартылды. Жалпы су тасқыны болуы мүмкін аумақтарды қоса алғанда, барлық ықтимал қауіптер картасы әзірленген», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында мұз астына түсіп кеткен екі балықшы құтқарылғанын хабарлаған едік.