Шығыстың балын әлемге танытып жүрген омарташы: Аралар адамның көңіл-күйін сезеді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – «Елдегі ең тәтті бал қай жерде?» деген сұраққа көбі мүдірместен «Шығыс Қазақстанда» деп жауап береді. Себебі табиғаты тамаша өлкенің балы да құнарлы. Ал облыс омарташыларының ішінде Алексей Қасымбаевтың орны бөлек.
Бұл балға әлемнің түкпір-түкпірінен тапсырыс беретіндер көп. Kazinform тілшісі омарташыны әңгімеге тартып көрді.
– Әңгімемізді ара шаруашылығына қалай келгеніңізден бастасақ?
– Барлығы бала кезден басталды. Әкем омарташы болғандықтан мен омартада өстім десем артық айтқандық болмас. Әлі есімде, ол ұяны мұқият ашып, аралардың тіршілігі жайлы жіті түсіндіріп, жаңа алынған балдың дәмін татқызатын. Бұл ғажап сезім болатын! Кейінірек есейе келе осы істі жалғастырып, ара шаруашылығымен кәсіби түрде айналысуға бел будым.
– Омарталарыңыз Шығыс Қазақстаннның қай жерлерінде орналасқан?
– Біздің омарталар экологиялық таза аймақтарда – Катонқарағай ауданының орманды, таулы етектерінде және Глубокое ауданының шалғынды даласында орналасқан. Қазіргі таңда 2500-ден астам ұямыз бар. Алайда бұл сан жыл сайын аз-маз өзгеріп тұрады. Ол аралардың қыстан қалай шығатынына байланысты.
– Қандай бал түрлерін өндіресіздер? Ерекше немесе сирек кездесетін бал түрлері бар ма?
– Негізгі бал түрлері – гүл балы, қарақұмық балы, атақты Алтай балы, акация және донник балы. Сирек кездесетін ерекше түрлері де бар. Катонқарағайдың дала шөптерінен жиналатын шөп балы немесе ормандағы өсімдік шығаратын шырынды шықтан жиналған шіре бал. Мұндай бал жыл сайын бола бермейді, сондықтан нағыз бал білгірлері жоғары бағалайды.
– Құнарлы, дәмді балды сапасыз балдан қалай ажыратуға болады? Табиғи балды танудың қыр-сырымен бөліссеңіз...
– Нағыз бал – ең алдымен табиғи және пісіп-жетілген болуы керек. Ол көпіршіп тұрмауы, қабаттарға бөлінбеуі және қышқыл иіс шығармауы тиіс. Акация балынан басқа табиғи балдың барлығы уақыт өте келе кристалданады, жіңішке жіп тәрізді созылады, дәмі сәл ғана кермек болады. Сондықтан сенімді омарташылардан сатып алыңыз немесе тексерудің ең жеңіл жолы – йод тамызып көріңіз. Егер сол кезде бал көгерсе құрамында крахмал бар деген сөз.
– Араға күтім жасау кезінде, балды алу процесінде қандай әдіс-тәсілдеріңіз, өзіндік құпияларыңыз бар?
– Ең басты құпиям – араға деген махаббат пен ұқыптылық. Араларды албаты мазаламауға тырысамын. Ұялардың көлеңкеде, желден қорғалған жерде тұруын қадағалаймын. Балды алу кезінде асықпай, оның ара ұяшығында толық піскенін күтемін. Ең бастысы балды 40 градустан жоғары температурада қыздырмау керек. Себебі соның салдарынан оның пайдалы қасиеттері жоғалады.
– Балды облыстан бөлек қай жақтарға сатасыз?
– Біздің сатып алушылар тек Қазақстанмен шектелмейді. АҚШ, Қытай, Моңғолия, БАӘ және ТМД елдерінен тапсырыс беретіндер бар. Бұл ашықтық пен адалдықтың нәтижесі деп ойлаймын. Әрдайым тұтынушыларға балдың шыққан жері, қалай жиналғаны туралы айтып, қажет болса омартаның суреттерін көрсетемін. Сөйтіп талай адам тұрақты сатып алушыға айналып, бізді таныстарына айтып жүреді. Бұл біз үшін ең үздік жарнама.
– Сонда балды тек интернет арқылы саудалайсыз ба? Әлде дүкеніңіз де бар ма?
– Балды өз дүкендерімізде де, интернетпен де, яғни әлеуметтік желілер, сайт, жеткізу қызметі арқылы да сатамыз. Сонымен қатар фермерлік дүкендермен жұмыс істеп, түрлі сауда жәрмеңкелеріне қатысамыз. Бірақ онлайн сауда ең ыңғайлы. Ол тұтынушымен тез байланысып, сұрақтарына жауап беруге, балды шетелге де жіберуге мүмкіндік береді.
– Сатып алушылармен болған есте қалған ерекше оқиғалар бар ма?
– Иә, бірде көрші ауылдағы әже біздің балдың дәріханада сатылатын сироптардан да жақсы көмектескенін айтып, зор алғысын білдірді. Тағы бірде жас жұбайлар үйлену тойына бізге балға арнайы тапсырыс беріп, қонақтарына пайдалы әрі нағыз балдың дәмін таттырғысы келді. Осындай сәттерде шын қуанып, жұмысыңа шабытың одан сайын арта түседі.
– Омарташы жұмысында қандай қиындықтар кездеседі?
– Айта берсең қиындық жетеді. Ең әуелі ауа райының қолайсыздығы дер едім. Қуаңшылық немесе жауын-шашынның көп жаууы бал алу процесін тежейді. Ара аурулары, арзан сапасыз балмен бәсеке, сертификаттау сынды құжат жағынан кедергілер де бар. Бірақ ең үлкен мәселе – экология. Өсімдіктерге шашылатын пестицидтер мен химиялық өңдеулер аралардың қырылуына әкеліп соғады.
– Мемлекет тарапынан қандай да бір көмек алып көрдіңіз бе?
– Иә, қуантарлығы сол, мемлекет ара шаруашылығын дамытуға арналған субсидиялар бөледі. Сондай-ақ фермерлерді қолдайтын түрлі бағдарламалар бар. 2013 жылы ШҚО Кәсіпкерлер палатасы арқылы несие серіктестігі бағдарламасы бойынша омарта шаруашылығын кеңейтуге несие алдым. Болашақта омартаны тағы да кеңейте түсу мақсатында грант алуды жоспарлап отырмын.
– Алда тағы қандай жоспарларыңыз бар?
– Экотуристік омарталар жасағым келеді. Соған адамдар келіп, аралар жайлы тың мәліметтермен танысып, жаңа алынған балдың дәмін татып, тіпті бал алу процесіне қатысып көрер еді. Сонымен қатар аралар мен омарташыға ыңғайлы жеке ұялар желісін жасап шығуды армандаймын.
– Омарташылықты жаңадан бастап жатқан жандарға қандай кеңес бересіз?
– Еш уақытта асықпаңыз. Бәрін бірден іске асырамын деп шыр-пыр болудың қажеті жоқ. Алдымен 5-10 ұямен бастаңыз. Ой қосар, бағыт берер адам табыңыз. Біліміңізді арттыру үшін осыған қатысты кітаптарды оқыңыз. Қателіктерден қорықпаңыз, бірақ бекерден-бекер тәуекелге де бармаңыз. Аралар сіздің көңіл-күйіңізді сезеді – егер олармен сабырлық танытып, сенімді жұмыс істесеңіз, олар да сізге сонысымен жауап береді.
– Арамен жұмыс істегенде жаныңызға ерекше әсер ететін сәт қандай?
– Ұяны ашып, ішінде қатар-қатар бал толған ұяшықтарды көргендегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қаһарлы қыс кетіп, көптен күткен көктем келгенде аралардың далаға алғаш ұшып шыққанын көрген сәт те ерекше ыстық. Мен үшін нағыз бақыт деген сол! Міне, осындай мезеттер үшін де бұл кәсіппен айналысып келемін.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Еске салсақ, СҚО тұрғыны қазақ жастарына омарташылық кәсіпті тегін үйретіп жүргені жайлы жазғанбыз.