СҚО тұрғыны қазақ жастарына омарташылық кәсіпті тегін үйретіп жүр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Мейрамжан Кәшкеұлының мамандығы дәрігер, омарташылыққа зейнет демалысына шыққалы мықтап ден қойған. Қазір қазақ арасында кенже қалған бұл кәсіптің қыр-сырын бөлісіп, шәкірт те тәрбиелеп жатыр.

ара
Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Мейрамжан Кәшкеұлымен телефон арқылы тілдесіп, кейін Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылының маңында орналасқан омартасында кездестік. Ауыл тұрғыны күздің жылы күндерін пайдаланып, араларының бабын жасап жүр екен. Көзге үйреншікті ағаш ұяшықтардан бөлек, көзімізге сары омарта түсті. 

ара
Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Жаңа материалдарды ара шаруашылығында да қолданатын болған. Бұлар тасуға ыңғайлы, жеңіл келеді», — деп түсіндірді Мейрамжан Кашкеұлы. 

Қазір омарташы ара ұяларын қысқа дайындай бастаған. Солтүстік Қазақстанда, айтуынша, омарташылар негізінен бал араларының карника, карпатка, немістің бакфаст деген асыл тұқымды араларын ұстайды. 

ара
Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Бұл аралар момын болып келеді, шақпайды. Әрі карника мен карпатка біздің қысқа төзімді. Бакфаст өте момын, бірақ, қысқа төзбеуі мүмкін. Орталық орыс арасы деген бар, ол балды өте көп жинайды, еңбекқор, бір ұя екі-үш фляга өнім беруі мүмкін. Бірақ жанына барсаң мыңдап жабылып, адам, мал демейді, талап тастайды. Жанына 3-4 шақырым жақындауға болмайды. Біздің солтүстікте омарташылар жыл сайын ұяны ауыстырып отырады, өйткені қыс қатал, тоңған аналық ара келер жылы дұрыс жұмыртқаламауы мүмкін. Тәжірибелі омарташылар ұяларды қысқа дайындап, қалыптастырады. Мысалы ағаштан жасалған ұяда 12 кассета болады, заманауи ұяларға 10 рама сыяды. Қысқа соның тек 7-8-ін ғана қалдырамыз. Қазір ұяларды осылайша қалыптастырып жатырмын. Өйткені барлық кассетада ара толық отыруы тиіс, сонда бал жылы болып тұрады, оны олар ақырындап жей береді. Мұндай ұяда қыста температура +25 болғаны жөн», — дейді омарташы.

Мейрамжан Кәшкеұлы Петропавлға сексенінші жылдардың соңында Семей өңірінен қоныс аударады. Облыстық туберкулезге қарсы диспансерде біраз жыл зертхана меңгерушісі, туберкулезден облыс бойынша үйлестіруші болып еңбек етті. Қазір зейнет демалысында. 

ара
Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Тоғыз ағайындымыз, ауылда өстік, мал ұстадық. Бірақ ешкім омартамен айналыспаған. Тоқсаныншы жылдары Валерий Кондрахин атты орыстың жігітін кездестіріп, сонымен достасып, осы омарташылыққа мені сол үйретті. Ол кезде қиын заман, тиын-тебен болсын деп тауық алып, ауылдарға сатып жүргенбіз, жолда жаяу кетіп бара жатқан жігітті көріп, біраз апарып тастадық. Қайтып бара жатқанда тағы сол жігіт кездесті. Сосын тоқтап сұрадық, жаяулап-жалпылап қайда бара жатырсың деп. Осыдан 2-3 шақырым жерде омартам бар дегесін, апарып тастадық. Кейін келіншегі әйелімнің ауылдасы болып шықты, сөйтіп таныстық достыққа ұласты. Бірде Валера маған „бір омарта алып, айналыс“ деді. Мен түк білмеймін, әрі арадан қорқамын ғой деп едім, „өзім бәрін істеп беремін, сен алсаң болды“ деп айтты. Содан алып беріп, бірде 3 литр банкамен үйіне келдік, осыны толтырып бал берсе жетеді деп. Барғаннан кейін ол банкаға сүт құйып берді, „ее бал бітіп қалған екен ғой“ деп ойладық ішімізден. Үйге қайтайық десек, „анау тұрған бір фляга балды алып кет“ дейді. Алмаймын деп азар да безер болдым, жоқ, „ол сенің бір ұяңнан шыққан бал“ деді. Әрине, қуанышым қойныма сыймады. Сол балды өзіміз жедік, туыстарға, достарға тараттық. „Келер жылы мұндай бал болмауы мүмкін, сондықтан екі-үш ұясын ұста“ деді. Өкінішке орай, ол досым 53 жасында қайтыс болды. Содан үйренгенім бар, өзім ақырындап тәжірибе жинадым, осылайша омарташылықты кәсіпке айналдырдым», — дейді Мейрамжан Кәшкеұлы.

ара
Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Араның адамға пайдасы көл-көсір. Омарташының айтуынша, иммундық жүйе жұмысын жақсартып, ағзаға вирус-бактериялармен күресуге көмектеседі. Сондықтан да тұмауратқанда, суық тигенде бал жеудің пайдасы зор, бірақ, қайнаған сумен араластырудан ол қасиетін жоғалтады. 

«Қазір араның дауысын естігім келіп, жанында болғым келіп тұрады. Кейін кітаптан оқыдым, бұл аралар адамға пайдалы биоток бөледі екен. Мысалы өмір болғасын кейде ренжіп, ашуланатын кездер болады. Сол кезде омартаға келсең жаның жадырап, емделесің. Екіншіден ұяны ашқан кезде стерильденген ауа шығады, мұның өзі дәрі. Араның желімі — прополис оның өзі өте керемет антибиотик. Ара өнімінде қалдық қалмайды, балы, балауызы, қақпағы — бәрі ем. Сондай-ақ өліп қалған арадан да дәрі жасауға болады. Балдың түрлері көп, оның әрқайсысының өз қасиеті бар. Күнбағыс балының асқазанға пайдасы зор. Қарақұмық балы жүрек жұмысын жақсартады. Түйежоңышқа балы сұранысқа ие», — дейді Мейрамжан аға. 

ара
Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Омарташының сөзінше, бұл жәндік өте кірпияз. Екіншіден үсті-басың таза болуы тиіс. Арақты, темекіні, жаман иісті, тіпті парфюмерияны жек көреді, ұнамаса шағады. 

«Араның аталығы — жалқау. Олар тіпті өздерінің тамағын да жинамайды. Аналығын патшамен салыстыруға болады. Барлық ара соған бағынады. Оның өз күзетшілері, жұмысшылары бар. Аналық ара ешқашан ұядан шықпайды. Тек ұрықтанғанда ғана ұшып, кейін өлгенше шықпайды. Оны тамақтандыратын, артынан жинайтын жұмысшылар. Аналық ананың бір ғана міндеті бар — жұмыртқа салу. Сосын өзінен қош иіс — ферромон бөледі, сол арқылы бүкіл ұяны ұстап тұрады. Жас аналықтың ұясы үлкен болады, қартайған сайын кішірейе береді. Тағы бір ерекшелігі — бір ұяға екі аналық иелік ете алмайды. Жалпы ара шаруашылығы бойынша біраз көріп білгенім бар, соны жастарға үйретіп жатырмын. Көбірек өзіміздің қазақ балалары үйренсе екен деймін. Білім керек, бұл жәндіктер де ауырады, оны уақытында көріп, емдеу қажет. Жайылымға шығаратын кезі бар, осы білімді жастарға беріп жатырмын. Әзірге екі шәкіртім бар. Біреуін үйреткеніме үш жыл болды, қазір ол өз кәсібін ұлғайтып, бизнеске айналдыра алады. Бір ұядан бастап, қазір алтауға жеткізді. Егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге мұнымен қосымша айналысуға болады, алқаптарының жанына қойып. Жалпы мақсатым — осы кәсіпті өңірдегі қазақтардың арасында насихаттау. Қазір айналысатындар бар, бірақ олар саусақпен санарлық», — дейді Мейрамжан Кәшкеұлы.

ара
Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Оның айтуынша, қазір екінің бірі өзін омарташымын дейді, бірақ, олардың қандай бал сатып жатқаны белгісіз. Еуропа елдерінде өнімді сатуға шығармас бұрын сапасы тексеріледі.

«Бізге де сондай қажет, сонда жалған балды сататындар азаяр еді. Ол үшін елімізде заң және айыппұл болуы тиіс. Көпшілік ойлайды, ара ұстайтындар кранды ашып қойып, балды ағызып алып, күреп ақша табады деп. Олай емес, қандай іс болмасын нәтижесін көру үшін еңбек ету керек, ештеңе жайдан-жай берілмейді. Кәсіпті жақсы көру керек. Мен бұл араларға жақсы өнім алу үшін жағдайын жасаймын. Қыста тоңбасын дейсің, көктемде уақытымен тамағын беріп, өсіру қажет, ал жазда 5-6 адам жиналып, өзімізше бригада құрып, сосын егістерді, гүлді алқаптарды іздейміз. Мәселен, егіншілікпен айналысатын кәсіпкерлердің көпшілігі біз сияқты омарташыларды жанына жақындатпайды, сол себепті бұл мәселе де заң жүзінде шешілсе екен деген тілек бар. Ал біз өз кезегімізде мектептерді балмен қамтысақ. Денсаулыққа пайдасы орасан, түрлі микроэлементтерге бай өнім. Өзім былтыр шамам келгенше аудандағы екі мектепке бал апарып, балаларға таратыңыздар деп қалдырдым», — дейді Мейрамжан Кәшкеұлы.

омарта ара
Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бұған дейін СҚО-да түрмедегілер омарташы және жібек құртын өсіруші мамандықтарын меңгеретінін жазған едік.   

Соңғы жаңалықтар