Ауылдарды аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып жүрген облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Әкімжан Есенаманов бұл жолы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, қашықтан кездесті. «Nur Otan» партиясының әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы алдағы бес жылға арналған сайлауалды бағдарламаны түсіндірді. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге емес, өңдеуге басымдық берген жөн.
«Біздің елімізде ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамып келеді. Халықты табиғи таза азық-түлікпен қамтамасыз етіп, экспорт әлеуетін арттыру үшін бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Партияның Ақтөбе облысы бойынша сайлауалды бағдарламасында іске асырылуы тиіс 20 ірі инвестициялық жоба бар. Келер жылы Мәртөк ауданында 2,8 мың, Ақтөбе қаласында 500 мүйізді ірі қараға арналған 3 тауарлы сүт фермасы салынады. Дәл осы тұста қарапайым ғана сүзбе мен құрт шығаруға ерекше тоқталып өтейін. Қазір біз түрлі салат дайындау үшін өзге елде өндірілген сүзбені сатып алып жүрміз. Ата-бабамыздан келе жақан әдіспен біз де сүзбе шығара аламыз. Сонымен бірге құрамында бор секілді адам денсаулығына зиянды қоспасы бар құрт сатып алуды әдетке айналдырғанбыз. Мәселен, біз 1 миллион теңгеге құрт шығаратын құрал-жабдық сатып алсақ, 1 тоннасын 2,5 миллион теңгеге сатамыз. Табыс осы. Тек өнімді сертификаттап, әдемі етіп қаптап, сатуға шығаруға болады. Бәрі де біздің қолымыздан келетін шаруа», - деді Әкімжан Есенаманов.
Бизнес идея ұсынған үміткер жаңа жобаны іске асыру үшін алдымен біліктілікті арттырып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алу тетігіне тоқталды. Облыс бойынша алдағы 5 жылда «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында жыл сайын 200 жаңа жобаға қаржылай қолдау көрсетіледі. Сонымен бірге «Еңбек» бағдарламасы аясында жыл сайын 1 мың жобаға шағын несие беріледі. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы да 60 жобаға жеңілдетілген несие беру көзделді. Осы арқылы өңірде ШОБ субьектілерінің саны 62 мыңға ұлғаяды. Экономикадағы үлесі 25 пайызға жетеді.
Кездесуде Ақтөбе-Ембі арасындағы жол құрылысы, еріктілердің қызметі, ауыл мен қаланы абаттандыру, шалғай елдімекендерді интернетпен қамтамасыз ету сұрағы қамтылды. Қазіргі уақытта Ақтөбе – Атырау бағытындағы жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ақтөбе-Қандыағаш қалалары арасындағы құрылыс үш жылға жоспарланған. Халықаралық талапқа сай салынатын жол 4 жолақты болады. Мердігерлер биыл қажетті құрылыс материалдарын жеткізіп, көктемде іске кіріседі. Оларға жергілікті жұмыссыздарды еңбекке араластыру міндеттелген.
Ал ауыл-аймақты интернетпен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе індет кезінде балалар қашықтан білім алып, мұғалім мен оқушы арасындағы байланыс үшін бірнеше жоба мақұлданды.
«Бозшилі ауылына сапалы байланыс, интернет қажет деп сұрады. Бұл өте өзекті мәселе. Партияның сайлауалды бағдарламасында 2021-2023 жылдарға арналған міндет бар. Тұрғындар саны 250 адамнан асатын 97 ауылды 3G стандартты желісіне қолжетімді мобильді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жоспарланды. Оның ішінде Мұғалжар ауданы бойынша 8 ауыл бар. Жеткізу, сонымен бірге сапасын жақсарту жұмысы қатар жүреді. Барлығы 103 ауылға 3G мұнарасы қондырылады. Жыл сайын цифрлық сауаттылықты арттыру үшін 5 мың адам оқытылады. Осы арқылы 70 мыңнан астам ауыл тұрғыны интернет мүмкіндіктерін еркін қолдана алады», - деді үміткер.
Еркін сұхбат құрған Әкімжан Есенаманов тұрғындарға да өз ұсынысын айтты. Тіпті бірге көгалдандыру жұмысын қолға алуға шақырды. Қала ғана емес, ауылды да жасыл желекке толтырып, экологиялық ахуалды жақсартуға күш біріктірген жөн. Ақтөбе облыстық сайлауалды бағдарламада жыл сайын 396 га жерге 1,3 миллион түп көшет отырғызу міндеті алға қойылған.
«Ауылдарды аралаған кезде сұрғылт көшені көреміз. Бұл дұрыс емес. Әр адам, отбасы өз ауласын жасыл желекке толтырса, оны баптап, үлгі етсе жақсы болар еді. Сонымен бірге әлеуметтік нысандардың ауласына ағаш отырғызу керек. Бұл көп күшті қажет етпейтін, адамды еңбекке баулитын шаруа. Мен патриотпын. Өз елімді, жерімді сүйемін. Оның гүлденуі үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын. Биыл еріктілер жылы қорытындыланды. Біріміз де волонтер болуымыз керек. Ол ата-анаға, бауырға, көршіге деген қамқорлық, мейірім. Діңгегімізден ажырамай, бір-бірімізге жанашыр болып жүрсек, көп іс тындырамыз. Мен ой-мақсаты бір, арманы асқақ, алға міндет қойып, жету жолын айқындаған барша мұғалжарлықты «Nur Otanға» дауыс беруге шақырамын. Қиындықты бірге еңсеріп, жеңіске жетеміз!» - деді ол.
«Nur Otan» партиясы Ақтөбе облысының Сайлау қорының қаражатынан төленді.