Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповпен кездесу барысында физика пәні бойынша халықаралық олимпиадаға қатысатын Қазақстанның ұлттық құрама командасының жаттықтырушысы Ернұр Рысмағамбетов мәлім етті.
«Астанада 13-21 шілде күндері аралығында физика пәні бойынша 45-ші халықаралық олимпиада өтеді. Ресми түрде International physics Olympiad деп аталатын жарыс өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бері өткізілуде. Ол - әлем бойынша физикадан өтетін додалардың ең беделдісі. Оның жеңімпаздары дүниежүзінің кез келген беделді университеттеріне түсе алады», - деді Е.Рысмағамбетов.
Оның айтуынша, аталмыш олимпиаданы өткізуге үміт білдірген бірнеше елдер арасында үлкен талас жүргізілген. Дегенмен Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Ресей және АҚШ елдері арасынан бұл құрмет Қазақстанға бұйырды.
«Әдетте бұл құқықты олимпиадаларда үздік нәтижелерге қол жеткізіп жүрген елдерге, қажетті инфрақұрылымы мен базасы бар мемлекеттерге береді. Қазіргі уақытта біз әлем бойынша ең үздік 20 елдің қатарындамыз. 2013 жылы біздің құрама Копенгагенде өткен физика пәні бойынша олимпиада жарыстарына қатысқан болатын. Сол кезде ұйымдастырушылар Қазақстан құрамасына олимпиаданың жалауын ұстатты. Аталмыш ту қазір Астанада. Олимпиаданы өткізіп жатқан қала ресми түрде физиканың әлемдік астанасы деп аталады», - деді ол.