Шымкент жылыту маусымына қалай дайындалып жатыр

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Шымкент қаласында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қаланы жылумен қамтитын «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің мәліметінше, барлық іс-шаралар қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталмақ.

Фото: Үкімет

Қазіргі таңда 27 қазандықтың 22-сі іске қосуға дайын. Кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы аясында 0,45 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылып, тағы 33,2 шақырымы бюджет қаражаты есебінен жөнделіп жатыр.

— Қуаттылығы 160 Гкал болатын үш қазандыққа күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр және сорғылар жаңартылуда. Барлық жұмыстар кестеге сай жүзеге асып келеді, — деді кәсіпорынның өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Тыныбек Бердиев.

Желілердің тозуы

«Қуатжылуорталық-3» қарамағында жалпы ұзындығы 823 шақырым жылу желісі бар. Мамандардың айтуынша, қаладағы желілердің тозу деңгейі 37 пайызды құрайды. Биыл сорғы станцияларын жаңғырту жоспарланбағанымен, 17 станцияның 13-і қысқы маусымға дайындалған.

Ерекше назар көпқабатты үйлердің ішкі жүйелеріне аударылып отыр. Оларды дайындау мен жуып-шаю тұрғын үй-коммуналдық кооперативтерінің, әкімдіктер мен тұрғындардың міндетінде. Компания өкілдері жылу жүйесі қысыммен жуып шайылмаған үйлердің жылуға қосылмайтынын ескертті.

Тұтынушылардың қарызы

Жылуға қатысты қарыз мәселесі шешімін таппай отыр. Қала тұрғындары мен кәсіпорындарының жалпы берешегі 973 миллион теңгеден асқан. Оның ішінде:

  • 464 610 69 млн теңге – жеке тұлғалардың қарызы,
  • 508 715 103 млн теңге – заңды тұлғалардың қарызы.

Дебиторлық берешекті азайту мақсатында коммуналдық кәсіпорын халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кей жағдайда сотқа жүгінуге мәжбүр болып отыр.

Тұрғындармен байланыс және апаттық қызметтер

Жылыту маусымының басталуы жөнінде халыққа ақпарат дәстүрлі түрде БАҚ арқылы жеткізіледі. Сонымен қатар, iKomek 109 бірыңғай байланыс орталығы және тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік қызмет тұрғындар өтініштерін қабылдайды: 8 (7252) 44-81-89, 8 (7252) 44-82-37.

Шағымдардың көбі Тұран ауданынан түседі. Себебі, бұл аймақта ескі және иесіз үйлер көп. Жылу сапасына байланысты өтініштер жеке қаралып, кәсіпорын инспекторлары үйішілік жүйелерге дейін барып ақауларды жоюда.

Қала коммуналдық қызметінің қарамағында тәулік бойы жұмыс істейтін 5 апаттық бригада және 3 диспетчерлік қызмет бар.

— Өткен жылыту маусымында магистральдық желілерде 6 апат тіркеліп, барлығы төтенше жағдайға ұластырмай жойылды. Үйішілік жүйелерде 126 ақау анықталып, дер кезінде жөнделді, — деп мәлімдеді «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің өкілдері.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысының жылу маусымына дайындығын жазған болатынбыз.