Шымкентте 100-ден аса нысан құжатты толық рәсімдемей құрылыс жүргізген

Фото: Алматы әкімдігі

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Биыл Шымкентте заңсыз құрылыстарға қатысты 125 нысанға әкімшілік хаттама толтырылып, 70 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері үлестік қатысу туралы заңнама талаптарын бұзған 15 тұрғын үй кешені анықталған. Оларға салынған айыппұлдың 7 миллион теңгеден астамы өндірілген.

Айыппұлға ілінгендердің қатарында «Kerege Busines», «Sofia», «Алпамыс», «Гранд Алатау», «Parasat Residence» секілді тұрғын үй кешендері бар.

Сондай-ақ мониторинг нәтижесі мен тұрғындардың шағымы негізінде 25 құрылыс нысаны бойынша сотқа арыз жолданған. Оның 11-і қанағаттандырылған, 2-і қанағаттандырусыз қалдырылған. Ал 12 арыз қаралып жатыр.

— Бүгінгі таңда Шымкентте заңсыз салынған құрылыстарды бұзу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, «REAL PACK», «Кей-Парк» ЖШС-ы мен «Жастар» Оңтүстік Қазақстан облыстық дене-шынықтыру-спорт қоғамы» қоғамдық бірлестігіне тиесілі құрылыс нысандарын бұзу туралы талап арыз сот шешімімен қанағаттандырылды. Аталған құрылыс нысандарын бұзу жұмыстары аяқталды, — деді басқарма басшысының орынбасары Алдияр Мұсабаев.

Ведомство мәліметінше, қала аумағындағы 185 нысанға құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша мониторинг жүргізілген. Оның ішінде 102 нысан тиісті құжаттарды толық рәсімдемей құрылысты жүргізгені анықталған. Нәтижесінде 41 нысанға айыппұл салынса, қалған 61-не тексеру жүргізіліп жатыр.

Бұдан бұрын Шымкентте құрылыс алаңында жұмысшы қаза тапқанын жазған едік.