Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері үлестік қатысу туралы заңнама талаптарын бұзған 15 тұрғын үй кешені анықталған. Оларға салынған айыппұлдың 7 миллион теңгеден астамы өндірілген.
Айыппұлға ілінгендердің қатарында «Kerege Busines», «Sofia», «Алпамыс», «Гранд Алатау», «Parasat Residence» секілді тұрғын үй кешендері бар.
Сондай-ақ мониторинг нәтижесі мен тұрғындардың шағымы негізінде 25 құрылыс нысаны бойынша сотқа арыз жолданған. Оның 11-і қанағаттандырылған, 2-і қанағаттандырусыз қалдырылған. Ал 12 арыз қаралып жатыр.
— Бүгінгі таңда Шымкентте заңсыз салынған құрылыстарды бұзу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, «REAL PACK», «Кей-Парк» ЖШС-ы мен «Жастар» Оңтүстік Қазақстан облыстық дене-шынықтыру-спорт қоғамы» қоғамдық бірлестігіне тиесілі құрылыс нысандарын бұзу туралы талап арыз сот шешімімен қанағаттандырылды. Аталған құрылыс нысандарын бұзу жұмыстары аяқталды, — деді басқарма басшысының орынбасары Алдияр Мұсабаев.
Ведомство мәліметінше, қала аумағындағы 185 нысанға құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша мониторинг жүргізілген. Оның ішінде 102 нысан тиісті құжаттарды толық рәсімдемей құрылысты жүргізгені анықталған. Нәтижесінде 41 нысанға айыппұл салынса, қалған 61-не тексеру жүргізіліп жатыр.
Бұдан бұрын Шымкентте құрылыс алаңында жұмысшы қаза тапқанын жазған едік.