Өңірде жаңа әдісті енгізу мақсатында Шымкентке Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми медицина орталығының тәжірибелі онкохирургтері келіп, жергілікті мамандарға арналған мастер-класс өткізді.
— Лапароскопиялық панкреатодуоденалды операцияның ерекшелігі — дәстүрлі үлкен тіліктің жасалмауында. Хирургиялық араласу арнайы лапароскопиялық жабдықтың көмегімен бірнеше шағын тесу арқылы жүзеге асырылады. Мұндай тәсіл ісікті барынша дәл әрі қауіпсіз алып тастауға, операциядан кейінгі ауырсынуды азайтуға және пациенттердің тезірек сауығуына мүмкіндік береді, — делінген хабаламада.
Мастер-класс шеңберінде ұйқыбезі мен оған жақын орналасқан ағзалардың қатерлі ісіктері бар үш пациентке лапароскопиялық операция жасалды.
Мамандардың айтуынша, мұндай тәжірибе алмасу жергілікті дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал етеді және алдағы уақытта Шымкентте күрделі жоғары технологиялық операцияларды тұрақты негізде жүргізуге мүмкіндік береді.
Соның нәтижесінде қала тұрғындары еліміздің басқа өңірлеріне бармай-ақ жоғары деңгейдегі мамандандырылған медициналық көмек ала алады. Бұл онкологиялық көмектің қолжетімділігін арттырып, пациенттердің уақытылы әрі сапалы ем алуына жағдай жасайды.
Айта кетейік, елімізде жыл сайын 36 мың нейрохирургиялық операция жасалады.