Шымкентте артық жүк артқан жүк көліктері автоматты түрде анықталады

Фото: ҚазАвтоЖол

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – 15 қазаннан бастап мегаполисте ауыр жүк көліктерінің салмақтық бақылау ережелерін бұзу деректері автоматты түрде тіркелетін болады.

Қаладағы жүк тасымалының негізгі ағымы әуежай маңындағы Тамерлан тасжолында, А-2 айналма жолында, сондай-ақ Исфиджаб, Ынтымақ және Бозарық шағынаудандарының аумағында шоғырланған. Жолдардың мерзімінен бұрын бүлінуіне жол бермеу және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұнда заманауи автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылып жатыр.

Бұл жүйе көлік құралдарының салмағы мен жүктемесін нақты уақыт режимінде есептеп, заңсыз жүк тасымалын анықтауға мүмкіндік береді.

Қазір Шымкент – Сайрам – Қарамұрт бағыты бойынша үш бекет іске қосылды:

• Жібек жолы көшесі, Мәртөбе шағынауданындағы мұсылман зираты маңында;

• Бердіқожа батыр көшесі, Қарасу өзенінің үстіндегі көпір жанында;

• Әмір Темір көшесінде.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, бір оське түсетін рұқсат етілген салмақ 8 тонна болып белгіленген. Алайда кейбір жүк көліктері 18 тоннаға дейін қысым түсіріп, жол жабындысын жылдам тоздырып қана қоймай, өзге жүргізушілер үшін де елеулі қауіп тудырады.

– Енді артық жүк артқан әрбір көлік автоматтандырылған жүйе арқылы тіркеледі. Заңбұзушыларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады, – деді ведомство өкілдері.

Биыл жобаны жүзеге асыруға биыл 308,6 миллион теңге бөлінген. Ал 2026 жылы тағы алты станция орнату жоспарланып отыр. Нәтижесінде жобаның жалпы құны 1 миллиард теңгеден асатын болады.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте құрылыс алаңында жұмысшы қаза тапқанын жазған болатынбыз.