Шымкентте автобус тапшылығы мәселесі қалай шешіледі

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Жаңа оқу жылының басталуына байланысты Шымкентте қоғамдық көлік мәселесі қайта көтерілді. Қала тұрғындары автобустардың лық толатынын, қозғалыс аралығының ұзарғанын және шалғай шағынаудандардан қала орталығына қатынайтын қоғамдық көліктің жетіспейтінін айтып шағымданды.

Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Жолаушылардың сөзінше, таңертең және кешкі қарбалас уақытта автобусқа мінудің өзі қиын, ал салон толған кезде жолақы төлеу де қолайсыз.

Мәселеге қатысты Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек пен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері түсінік берді.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде қалада әлеуметтік маңызы бар 83 маршрут қатынайды. Күн сайын 14 тасымалдаушы компанияға қарасты 988 автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері қоғамдық көлікпен 75,2 млн жолаушы тасымалданған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 48,5%-ға көп. Тек тамыз айының өзінде қоғамдық көлікті пайдалану 9,6 млн-ға жеткен.

Тиісті басқарма автобустардың кешігуін жолдағы көлік қозғалысының артуымен байланыстырады. Қарбалас уақытта қоғамдық көліктер кептеліске түсіп, салдарынан қозғалыс аралығы ұзаруы мүмкін. Әкімдік мәліметінше, автобустардың бекітілген кестеден кешігуі 15 минуттан аспауы тиіс.

Қоғамдық көлікке қатысты шағымдар көбіне Тұран, Бозарық шағынаудандары мен Қайнарбұлақ тұрғын алабынан түседі.

— Барлық мәселе толық шешілді, тұрғындардан шағым мен ұсыныс түспейді деп айтуға болмайды. Тұран, Бозарық және Қайнарбұлақ бойынша ұсыныстар мен шағымдар тұрақты түсіп тұрады. Тұранда № 3, 14, 66, 66А және 104 маршруттары бар, бұл бағыттарда барлығы 56 автобус қатынайды. Бозарықта № 9, 171 және 171А маршруттары бойынша 28 автобус жүреді. Қайнарбұлаққа № 2, 70 және 149 маршруттары қатынайды. Бұл бағыттардағы автобус тапшылығы мәселесі тұрақты түрде көтеріліп келеді, — деді Сәрсен Құранбек.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы үш маршрутта 33 автобус жүреді. Сонымен қатар электронды жолақы төлеу жүйесіндегі транзакциялық деректер әзірге аталған бағыттарда көлік тапшылығы бар екенін көрсетпейді.

Мәселе жолаушылардың нақты санын есепке алуға байланысты болып отыр. Электронды статистикаға жолақы төленген немесе көлік картасы валидатор арқылы тіркелген жолаушылар ғана енгізіледі. Егер жеңілдікпен тегін жүретін жолаушы картасын валидаторға тигізбесе, ол жүйеде есепке алынбайды.

— Транзакциялық деректерге қарасақ, аталған бағыттардағы автобустар мен маршруттардың саны тіркелген жолаушылар ағынына қызмет көрсетуге толық жеткілікті. Қазір автобустардың тапшылығы немесе шамадан тыс жүктелуі туралы айтуға ресми негіз жоқ. Сонымен бірге жеңілдік санатына жататын жолаушылар картасын міндетті түрде валидаторға тигізуі керек. Олардан ақы алынбайды, алайда біз жолаушылар ағынын нақты білуіміз қажет. Бұл көрсеткішке қарай маршруттағы автобустар санын көбейту немесе азайту туралы шешім қабылдай аламыз. Жолаушыларды есептеудің басқа мүмкіндігі жоқ, — деп түсіндірді әкім орынбасары.

Шымкентте оқушылар, 70 жастан асқан зейнеткерлер, ардагерлер және мүгедектігі бар азаматтардың жекелеген санаттарын қоса алғанда, тұрғындардың 14 санаты қоғамдық көлікте тегін жүреді.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, электронды жүйеде тіркелмеген сапарлар есепке алынбайды. Сондықтан көліктің нақты жүктемесі ресми статистикадағы көрсеткіштен өзгеше болуы мүмкін.

Қоғамдық көліктің бекітілген кестеге сәйкестігі де осы цифрлық жүйе арқылы бақыланады. Егер автобус белгіленген кестеден кешіксе немесе сапарды орындамаса, ол орындалмаған болып есептеледі. Бұл тасымалдаушыға берілетін субсидия көлеміне әсер етеді.

— Қарапайым тілмен түсіндірсем, автобус сегіз айналым рейс жасауы керек делік. Егер оның бір рейсі 20 минутқа кешіксе, 20 минут ерте жүрсе немесе мүлде орындалмаса, сол рейс үшін субсидия төленбейді. Компания қаржылай шығынға ұшырайды. Қарбалас уақытта жолдағы кептелістерге байланысты кешігулер болуы мүмкін, алайда олар бекітілген кестеден 15 минуттан артық кешікпеуі немесе ерте жүрмеуі тиіс, — деді Сәрсен Құранбек.

Соңғы уақытта қалада тоғыз автобус маршруты ұзартылды. Атап айтқанда, № 5 маршрут енді Аққыстау көшесіне дейін, № 25 — Телқоңыр көшесіне дейін, ал № 44 — Food City сауда орталығы мен Таскен шағынауданына дейін қатынайды. № 61, 68, 104, 122, 139 және 150 маршруттарының соңғы аялдамалары өзгертілді. Ал № 2, 23, 171, 171А және 180 маршруттарындағы автобустар саны көбейтілді.

Сегіз ай ішінде бақылаушылар жолақы төлемеген немесе көлік картасын тіркемеген 9416 жолаушыны анықтаған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 81,4 млн теңгеге жетті. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде бюджетке 97,9 млн теңге түскен.

Қаладағы автобустардың басым бөлігі сағат 21:00–ге дейін қатынайды. Ал № 12, 17, 27, 35, 74, 84, 103, 113 және 126 тоғыз маршрут бойынша автобустар сағат 23:00–ге дейін жүреді.

Биыл Шымкенттің автобус паркіне 63 жаңа көлік қосылды. Олар № 11, 20, 42, 70, 72, 146, 149 және 150 маршруттарындағы бұрынғы автобустарды толық немесе ішінара алмастырды. Жыл соңына дейін тасымалдаушылар тағы 200-ге жуық автобусты жаңартуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Шымкентте көлік картасын 200 мыңнан астам адам пайдаланады, оның шамамен 80 мыңы — мектеп оқушылары. Жолақы құны — 70 теңге. 1 қазаннан бастап көлік картасының бағасы 550 теңгеден 800 теңгеге қымбаттайды