Шымкентте бала 12 метрлік құдыққа құлап кеткен

АСТАНА. KAZINFORM – Шымкент қаласында құтқарушылар тереңдігі шамамен 12 метр болатын құдыққа құлап кеткен баланы аман алып шықты, деп хабарлайды ТЖМ.

Фото: ТЖМ

Оқиға жеке тұрғын үй аумағында болған. 2012 жылы туған бала абайсызда суы жоқ терең құдыққа құлап кеткен.

Оқиға орнына жедел жеткен Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері арнайы жабдықтардың көмегімен құтқару операциясын жүргізді. Нәтижесінде бала құдықтан шығарылып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.

ТЖМ ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және олардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырды.

Ведомство өкілдері ашық құдықтар, люктер және басқа да қауіпті нысандардың маңында сақ болу қажеттігін еске салды.

Айта кетейік, Шымкентте оқушы автобустағы қауіпті әрекетін видеоға түсірген.