Шымкентте балабақша қызметкерлеріне 3 ай бойы әлеуметтік аударымдар төленбеген

Фото: Kazinform

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласында 36 мемлекеттік балабақша қызметкерлерінің міндетті зейнетақы жарналары мен медициналық сақтандыру төлемдері мерзімінен кешіктірілген. Қазіргі берешек сомасы – 199 млн теңге.

Салдарынан балабақша мамандарының ем қабылдауда, банк қызметтерін пайдалануда қиындықтар туындаған.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, қарыздың пайда болуына басты себеп – кейбір балабақша ұйымдарының басшылары тарапынан топтарды қалыптастыру, балалардың нақты баруы және көрсетілетін қызмет сапасын тиісті деңгейде бақылау қамтамасыз етілмеген.

– 2024 жылғы қазан айында Шымкент қаласында балабақшаларды ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы іске қосылды. Жоба шеңберінде қабылдау, кезекке қою және қаражат бөлу процестері толықтай цифрландырылған. Ваучерлік жүйе аясында қаржыландыру көлемін анықтайтын деректерде балабақшаға бару деңгейінің төмендеуі көрсетіліп, бұл аударылатын қаражаттың көлемін азайтты. Нәтижесінде, міндетті төлемдер бойынша қарыздың пайда болуына себеп болды. Қазіргі уақытта 36 мемлекеттік балабақша ұйымына қосымша төлемдерді тұрақтандыру және мұндай жағдайлардың болдырмау мақсатында қажетті ұйымдастырушылық және техникалық шаралар қабылданды, - делінген ведомствоның бізге ұсынған ақпаратында.

Қазіргі таңда қарызды өтеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шымкент қаласында білім басқармасына қарасты 644 мектепке дейінгі ұйым бар. Онда 76 544 бала ваучерлік жүйе арқылы қаржыландырылады. Бір балаға қаржыландыру мөлшері – 55 659 теңге.

Бұдан бұрын Шымкентте 86,3 млн теңге жалақы қарызын өтеуде заңбұзушылықтар анықталғанын жазған едік.