Ведомствоның мәліметінше, төлем мерзімінің кейінге шегерілуіне нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажеттігі себеп болған. Қалалық мәслихаттың таратылуына байланысты тиісті рәсімдер уақытында аяқталмаған.
— Бастапқыда біржолғы әлеуметтік көмекті 25 қазан — Республика күніне орай беру жоспарланған еді. Алайда төлем жасау үшін тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажет. Жергілікті мәслихаттың таратылуына және қажетті рәсімдердің аяқталмауына байланысты төлем мерзімі кейінге шегерілді. Тиісті шешім қабылданғаннан кейін қаражатты 2026 жылдың соңына дейін аудару жоспарланып отыр, — деп хабарлады басқарма.
Біржолғы әлеуметтік көмек кәмелетке толмағандардың екі санатына қарастырылған:
— 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға — 5 АЕК немесе 21 625 теңге;
— ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға — 20 АЕК немесе 86 500 теңге.
Басқарма өкілдері төлемнің нақты күні әзірге белгіленбегенін, тиісті шешім қабылданған соң қосымша хабарланатынын мәлімдеді.
— Мүгедектігі бар балалардың ата-аналары мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қамқоршыларынан төлем мерзімінің өзгеруіне түсіністікпен қарауды сұраймыз, — делінген басқарма хабарламасында.
Бұған дейін Шымкентте 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 8238 бала тіркелгені хабарланған болатын. Осы санаттағы балаларға біржолғы көмек көрсетуге 178,1 млн теңге қарастырылған. Ал ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 720 балаға төлем жасауға 62,3 млн теңге бағыттау жоспарланған.