Шымкентте биыл қанша көпқабатты үй күрделі жөндеуден өтеді

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласының үш ауданындағы көпқабатты үйлерге кешенді жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Фото: видеодан алынған скрин

Шымкент қаласында биыл тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 31 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.

Әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, Әл-Фараби ауданында – 21, Еңбекші ауданында – 7, Тұран ауданында 3 үйдің қасбеті жаңартылып, шатыры ауыстырылады. Сонымен қатар үйлерге кіреберістер мен бастырмалар орнатылып, кешенді жаңарту жұмысы атқарылады.

– Қазіргі таңда Тұрысов көшесіндегі №51 және Ерманов көшесіндегі №11 үйлерде шатыр ауыстыру, кіреберіс пен іргетасты қоршау, суағар мен қасбетті жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстарын шілде айына дейін аяқтау көзделген, - деп хабарлады қала әкімдігі.

Фото: видеодан алынған скрин

Айта кетейік, қала тұрғындары Ш. Қалдаяқов көшесі, 30-үй мекенжайында орналасқан Тұрғын үй Шымкент мекемесіне қайтарымды қаражат есебінен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жазбаша өтініш бере алады.

Бұдан бұрын Шымкентте 1 200-ден аса азамат жалдамалы пәтер субсидиясын мақсатсыз пайдаланғанын жазған едік.