Шымкентте 1200-ден аса азамат жалдамалы пәтер субсидиясын мақсатсыз пайдаланған

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Бүгінгі таңда Шымкент қаласында тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелген азаматтар саны 90 мыңнан асады. 

Шымкентте 1200-ден аса азамат жалдамалы пәтер субсидиясын мақсатсыз пайдаланған
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің 2025 жылғы №152 бұйрығына сәйкес, тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау қарастырылған.

Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының м.у.а. Көпжан Тулебаевтың айтуынша, жалдамалы пәтер субсидиясын алушылар бойынша мониторинг жүргізіліп, бірқатар заңсыздық анықталған.

– Биыл Шымкентте 3 146 субсидия алушының 2 269-ы тексерілді, оның ішінде 1 242 азаматтың субсидияны мақсатсыз пайдаланғаны анықталып, жалдау шарты тоқтатылды. 2025 жылы субсидиялау тетігіне жергілікті бюджеттен 664 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда 540 млн теңге төлем жүргізілді. Мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр, - деді ол.

Сондай-ақ қала бойынша «Жастар» бағдарламасы арқылы 2020 жылдан бүгінге дейін 3 849 азамат жалдамалы пәтермен қамтылған. Бүгінгі таңда алғашқы 890 пәтермен қамтылған азаматты пәтерлерінен шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 576 отбасының пәтері коммуналдық меншікке қайтарылған.

Бұдан бұрын Шымкентте үлестік қатысу туралы заңнама талаптарын бұзған 15 тұрғын үй кешеніне айыппұл салынғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар