Шымкентте бойжеткеннің сөмкесінен 2 келі мефедрон табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкентте полиция қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында синтетикалық есірткілерді таратумен айналысқан күдіктіні ұстады.

Фото: Видеодан скрин

ІІМ баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, тексеру кезінде күдіктінің сөмкесінен жалпы салмағы 2 келіні құрайтын мефедрон салынған төрт пакет табылды. Сонымен қатар одан есірткі заттарын бөліп орауға арналған электронды таразы мен арнайы зип-пакеттер тәркіленді.

— Ұсталған азаматшаның жалдап тұрған пәтерін тексеру барысында әрқайсысының салмағы бес грамды құрайтын 32 орама «синтетика» анықталды. Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, — дейді тәртіп сақшылары.

Ведомсто есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес пен оны тарату арналарының жолын кесу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.

Бұған дейін елордада жыл басынан бері қанша есірткі тәркіленгені белгілі болды.