Бұған дейін әлеуметтік желілерде шымкенттік шенеунікке қатысты тергеу әрекеттері жүріп жатқаны, оның жұмыс орнында тінту жүргізілгені туралы ақпарат тараған болатын.
Бейресми мәліметтерге сәйкес, іс ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабы («Пара беру») бойынша тергеліп жатыр. Тараған хабарламаларда шенеуніктің өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша қорытынды алу үшін лауазымды тұлғаға ақша беруі мүмкін екені тексеріліп жатқаны айтылған.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі департамент басшысына қатысты тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын растағанымен, істің мән-жайына қатысты қосымша ақпарат берілмейтінін мәлімдеді.
– Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес жария етуге жатпайды, – делінген ҰҚК хабарламасында.
43 жастағы Руслан Тұңғышбаев 2023 жылдың қазан айынан бері Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментін басқарып келеді. 2024 жылдың тамыз айында ведомство қайта құрылып, атауы өзгергеннен кейін ол бұл лауазымға қайта тағайындалған.
Бұған дейін Шымкенттің экс-шенеуніктеріне қатысты іс тағы созылуы мүмкін екенін хабарлаған едік.