Шымкентте екі адамның өліміне себепкер болған тұрғын сотталды

Фото: freepik.com

ШЫМКЕНТ. KAZINFROM - Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қауіпсіздік талаптарын сақтамаған тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабының 3-бөлігі, яғни қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсетіп, абайсызда екі адамның өліміне әкеп соғу бойынша айыпталды.

Іс материалдарына сәйкес, сотталушы Шымкент қаласының Қарасу шағын ауданындағы өзіне тиесілі пәтерде заң талаптарына қайшы түрде газды су жылытқыш орнатып, кейіннен аталған пәтерді Үндістан Республикасының бес азаматына жалға берген. Ал биыл қыркүйек айында газ қондырғысын пайдалану кезінде екі шетелдік азамат иіс газына уланып, қаза тапты.

Прокурор сотталушыға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, оны шартты деп белгілеуді сұрады. Жәбірленуші тарап үкімді соттың қарауына қалдырды. Ал сотталушы кінәсін мойындап, жеңіл жаза тағайындауды өтінді.

- Сотталушының жасы зейнеткерлікке жеткені, асырауында кәмелетке толмаған баласының бары және кінәсін мойындауы жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде қаралды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Нәтижесінде тұрғын кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес, жаза шартты деп белгіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ, - делінген Шымкент қаласы сотының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте құрылыс алаңында жұмысшы қаза тапқанын жазған болатынбыз.