Бас есепшіге Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен қызмет бабын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иеленді деген айып тағылды.
Жоғарғы соттың мәліметінше, бас бухгалтер бір жыл бойы қызметкерлердің шотына жалақысынан асып түсетін қаражатты аударып келген. Кейін олардан артық ақшаны досының банк картасына қайтаруды сұраған. Осылайша мемлекет қаржысын иемденіп, өз қажеттіліктеріне жаратқан.
Мемлекетке келтірілген шығын — 29 миллион теңгеден асады.
Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, соттан бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Сот үкімімен бас бухгалтер кінәлі деп танылып, оған 7,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұдан өзге сотталушы өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқара алмайды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Біз бұған дейін Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары сотталғаны туралы жаздық. Экс-шенеунікке лауазымды қызметті атқарып жүргенде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қалалық департаменті басшысының бірінші орынбасарына пара беруге оқталды деген айып тағылды.