ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Есірткі сатушыны қалалық полиция департаментіне қарасты ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері қолға түсірді.
Күдікті бір қап марихуана мен 200-ге жуық есірткі орамасын гараж ішінде жасалған жертөлеге жасырып келген. Тәртіп сақшыларының сөзіне сүйенсек, ер адам есірткіні өлшеп-орап, әрі қарай сату үшін сақтаған.
«Тәркіленген есірткі құралдарының салмағы 10 келіден асты, бұл аса ірі көлем саналадык. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде», - делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Еске сала кетейік, бұған дейін ҰҚК 18 халықаралық және 9 аймақтық есірткі арнасының жолын кескенін жазған едік.
Қайрат Зайнишев
Шымкенттегі М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ түлегі. Еңбек жолын «Ақиқат-Истина» газетінде тілші болып бастады. Кейіннен «Шымкент келбеті», «Оңтүстік Қазақстан» газеті мен «Ernur.kz» сайтында тілші, «Кентау шұғыласы» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. Республикалық «Экспресс К» сайтының Түркістан облысындағы тілшісі болды. 2021 жылдан бастап «Kazinform» агенттігінің Түркістан облысындағы тілшісі қызметін атқаруда.