Шымкентте тыл еңбеккерлеріне арналған республикалық және жергілікті газеттерге тегін жазылым ресми түрде қызметін тоқтатты. Жергілікті жеңілдіктерді ауқымды түрде тексеру мақсатында оңтайландыру шаралары жүргізіліп жатыр.
— ҚР Үкіметінің елдегі әлеуметтік көмек көрсетуді үйлестіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Шымкентте әлеуметтік қолдау тетіктерін оңтайландыру шаралары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты тыл еңбеккерлеріне мерзімді басылымдарға тегін жазылу мүмкіндігін алып тастау ұсынылды. 2025 жылы бюджет қаражаты есебінен осы санаттағы екі мыңнан астам азамат республикалық және жергілікті газеттермен қамтамасыз етілген еді. 2026 жылдан бастап бұл қолдау тоқтатылады. Шешім бюджет қаражатын тиімді әрі ұтымды пайдалану мақсатында қабылданды, — дейді Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы Майра Кәрібаева.
Осыған ұқсас жағдай бұған дейін Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне де қолданылды. Бірақ биыл Шымкентте Жеңіс күні майдангерсіз өтті. Өйткені 2025 жылы мегаполистің соңғы ардагерлері — Мұраталы Төлепбергенұлы мен Нина Мосунова өмірден өткен еді.
Жеңілдіктің күшін жоюға қаланың нормативтік-құқықтық базасының өзгеруі заңды негіз болды.
— Өзгерістерді жүзеге асыру үшін депутаттар Шымкент қалалық мәслихатының 2024 жылғы 19 наурыздағы «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешіміне түзетулер енгізді. Құжат жобасы қалалық мәслихаттың сессиясында қаралып, оның қорытындысы бойынша мерзімді басылымдарға тегін жазылуды ұсыну тоқтатылды, — деп баяндады жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева.
2010-2015 жылы Шымкент әкімінің орынбасары қызметін атқарған қалалық мәслихаттың төрағасы Бахадыр Нарымбетов соңғы өзгерістердің тек жалпыреспубликалық, әлеуметтік бірыңғай төлем жүйесіне көшумен байланысты екенін атап өтті.
— Естеріңізде болса, бұл бастаманы өзім әкім орынбасары болған тұста енгізген едім. Қазіргі көмек бюджетті үнемдеу үшін тоқтатылып жатқан жоқ. Төлемдер тиісті министрліктің тікелей тапсырмасымен бүкіл республика бойынша жәрдемақылардың бірыңғай реестріне келтіріліп жатыр, — деп хабарлады Бахадыр Нарымбетов.
Еске сала кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылы жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік көмектің тағы 13 түрін автоматтандыру жоспарланып отырғанын айтқан болатын.
Жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 11 түрін рәсімдеуге мүмкіндік беретін отбасының цифрлық картасы реформаның маңызды құралына айналды. 1,2 мыңнан астам қазақстандық проактивті форматтағы қолдауға ие болды.
Аяулым Қанатқызы