Шымкентте қай жерлерде суға шомылуға болады

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте шомылуға тыйым салынған 13 учаске анықталды. Алдағы уақытта олардың саны 31-ге дейін көбейтілмек.

Фото: Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті

Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, қала аумағында 3 орында шомылуға ресми түрде рұқсат етілген.

Фото: Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті

— Атап айтқанда «Рахат-Бадам» және «Тоғыс» демалыс аймақтары, сондай-ақ Қошқар ата өзенінің жағалау бөлігі тұрғындардың суға түсуіне қауіпсіз аймақ ретінде бекітілген, — делінген хабарламада.

Шомылу маусымы ресми түрде әлі ашылмағанымен, шаһарда сәуір айынан бастап су айдындарындағы демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Фото: Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті

Департамент дерегіне сәйкес, қазіргі таңда шомылуға тыйым салынған 13 учаске анықталған. Алдағы уақытта олардың санын 31-ге дейін жеткізу көзделіп отыр. Қауіпті аймақтарға ескерту белгілері мен ақпараттық тақтайшалар орнатылған.

— Сонымен қатар демалушылар мен тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп қайықтар, катамарандар және өзге де шағын жүзу құралдарының техникалық жағдайы тексерілді, — деп хабарлады қалалық ТЖД.

Фото: Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті

Айта кетейік, өткен жылғы шомылу маусымында Шымкентте екі жазатайым оқиға тіркелген. Бадам өзенінің шлюз маңында екі адам суға кетіп, көз жұмған. Оның біреуі — бала. Биыл әзірге мұндай дерек тіркелмеген.

Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен қала қонақтарын балаларды қараусыз қалдырмауға, белгіленбеген орындарда шомылмауға және құтқару құралдарын пайдалануға шақырады.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, биыл Түркістан облысында шомылу орындары көбейеді