Шымкентте кептеліс жиі болатын қиылыста жолайрық қашан салынады

Фото: Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте кептеліс көп болатын Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысы және кіші айналма жолға жолайрық салуға қазынадан 9,4 млрд теңге жұмсалмақ. 

– Қала аумағындағы көлік қозғалысын реттеу, жол көлігі инфрақұрылымын жақсарту және кептелістерді азайту мақсатында Бәйдібек би даңғылы мен шағын айналма жол қиылысында, яғни Төлеметов көшесінің бойында жолайрық салу жобасына лот жарияланған. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері заңнамаға сай жүргізіліп жатыр. Әзірге мердігер анықталған жоқ. Биылға 9 млрд теңгеден аса қаражаттың тек 240 млн теңгесі қарастырылған, – деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек баспасөз брифингінде.

Фото: Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы

Жауапты басқарманың мәліметінше, құрылыс барысында жол толық жабылмайды, бір бағытында жұмыс аяқталған соң келесі бағыттың бөлігінде жалғасады.

Бұдан бұрын Шымкентте қызанақ өсіретін еліміздегі ең ірі жылыжай ашылғанын жазған едік.