Шымкентте Құрбан айтқа арналған мал сою орындары белгілі болды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласында 27-29 мамыр аралығында құрбандық шалуға рұқсат етілген үш мал сою орны жұмыс істейді.

Коллаж: Kazinform / ЖИ

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қала аумағында тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төрт түлік малды заңсыз (құжатсыз, тіркеусіз), сондай-ақ автокөліктерде және жеке тұрғын үйлердің аулаларында сатуға және союға жол берілмейді.

Сонымен қатар құрбандыққа шалынған малдың етін мұқтаж азаматтарға тарату кезінде ветеринариялық-санитариялық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Атап айтқанда тоңазытқыш жабдықтардың болуы, жеке қорғаныш құралдарын пайдалану және санитарлық талаптарды сақтау міндетті.

— Қала тұрғындары мен қонақтарынан құрбандық шалу барысында қауіпсіздік шараларын сақтап, малды тек ветеринариялық құжаттары бар арнайы мал сою орындарына өткізуді сұраймыз, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Биыл Шымкент қаласында ветеринариялық және санитариялық талаптарға сай келетін үш арнайы орын белгіленді.

1. «Kz Meat Farm» ШҚ, Қаратау ауданы, Бозарық 3 т/а, № 1989 учаске;

2. «Қазығұрт БРБ» АӨК, Еңбекші ауданы, Қапал батыр көшесі, № 12/1 үй;

3. «Бәйтерек Агро» ЖШС, Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын алабы, Махмұт ата көшесі, № 72 учаске.

Бұдан бұрын Жетісу облысында Құрбан айтқа арналған 17 арнайы орын белгіленгенін жазған едік.