Биылғы алты айда Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті 238 тексеру жүргізіп, 226 заң бұзушылықты анықтады. Нәтижесінде жалпы сомасы 7,6 млн теңге болатын 45 әкімшілік айыппұл салынды.
Департаменттің бөлім басшысы Ұлбике Рүстемованың айтуынша, жазатайым оқиғалар құрылыс, өндіріс, коммуналдық қызмет, қызмет көрсету, байланыс, денсаулық сақтау, спорт және теміржол салаларында болған.
— Алты айда 17 жазатайым оқиға тіркеліп, 3 адам қайтыс болды, 14-і ауыр жарақаттанды. Ең алдымен жұмыс берушілер қызметкерлер алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті түрде сақтандыруға тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, өндірістегі оқиға салдарынан келтірілген зиянды өтеу міндеті өзіне жүктелуі мүмкін, — деді спикер.
Оның айтуынша, еңбекке жарамсыздық кезеңінде зардап шеккен қызметкерге орташа жалақысының 100 пайызы мөлшерінде төлем жасалып, емдеу шығындары өтеледі. Ал мүгедектік белгіленген жағдайда жоғалтқан еңбек қабілеті деңгейіне сәйкес өтемақы қарастырылады.
— Қызметкер қаза болған жағдайда оның отбасына жерлеу шығындарын өтеу үшін 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем төленеді. Сонымен қатар асыраушысынан айырылған адамдарға заңнамаға сәйкес ай сайынғы төлемдер жүзеге асырылады, — деді Ұлбике Рүстемова.
Бұған дейін Шымкентте жолайрық құрылысында 54 жастағы жұмысшы қаза тапқанын хабарлаған едік.