Шымкентте сұйытылған мұнай газын бөлудің жаңа цифрлық тетігі іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Шымкент қаласында сұйытылған мұнай газын бөлу жоспарын іске асыруға арналған көшпелі кеңес өтті, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Энергетика министрлігі

Кеңеске Шымкент қаласы әкімдігінің басқармалары, Энергетика министрлігінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері, Цифрландыру департаментінің директоры, сондай-ақ Шымкент қаласының сұйытылған мұнай газы нарығына қатысушы субъектілері қатысты.

Іс-шара барысында цифрлық сервистің тәжірибелік пайдалануға сәтті енгізілгені хабарланды. Оның аясында нарық субъектілерінен II және III тоқсандарға өтінімдерді қабылдау және өңдеу жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып жүзеге асырылып жатыр.

Фото: Энергетика министрлігі

— Жобаға салалық деректерді интеллектуалды өңдеуге арналған оқытылған Llama 3.1 (8B) тілдік моделі интеграцияланған. Цифрлық сервистің ЖИ-агенті жүктелетін құжаттарды — жеткізу шарттарын, электрондық шот-фактураларды және тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды автоматты түрде оқып, талдап және салыстыра алады, — делінген хабарламада.

Кеңес аясында цифрлық сервистің жұмыс істеуіне қатысты өзекті мәселелер де талқыланды. Нарық субъектілері мен ЖАО қызметкерлеріне өтінім беру қағидалары, функционалды дұрыс пайдалану және автоматты бөлу алгоритмдері бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Фото: Энергетика министрлігі

Аталған ақпараттық сервисті және озық жасанды интеллект технологияларын енгізу сұйытылған мұнай газын бөлудің ашық цифрлық тетігін қалыптастырудағы маңызды қадам болмақ. Бұл еліміздің барлық өңірлерін тұрақты отынмен қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Бұдан бұрын Қазақстанда сұйытылған газды сыртқа шығаруға тыйым тағы алты айға ұзартылғанын жаздық.