Шымкентте транзиттік бағыттағы сапасыз жол мен кептеліс тұрғындардың ашуын туғызды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте құрылысы баяулап тұрған және кептелісі көбейген жол бөлігі халықты әбігерге салды. Республикалық маңызы бар күре жолдың бойындағы 600 метрлік аумақтағы қолайсыздыққа қатысты тиісті басқарма түсінік берді.
Құрылысы ұзаққа созылған Құрсай шағынауданына апарар жолдың жай-күйі тұрғындарды әбден мезі еткен.
Шымкент арқылы Ташкент пен Түркістан бағыттарын жалғайтын республикалық маңызы бар күре жол бойындағы шамамен 600 метр аумақтағы жол бөлігінің тозығы жетіп, көлік қозғалысына да, жаяу жүргіншілерге де қолайсыздық тудырып отыр.
Күніне мыңдаған көлік өтетін бұл бағытта екі жылдан бері жол жамылғысының сапасы төмендеп, көлік кептелісі көбейген. Аталған учаске арқылы негізінен транзиттік ауыр жүк көліктері қатынайды.
Тұрғындардың айтуынша, қазіргі таңда бұл аумақта жаяу жүрудің өзі қиын, ал қарлы, жаңбырлы күндері жағдай тіпті күрделене түседі. Сондай-ақ автобус қозғалысы қиындаған. Бұл мәселе әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып, тұрғындар тарапынан наразылық туғызды.
Осыған байланысты Kazinform тілшісіне Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ресми жауап ұсынды.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта аталған аумақта Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының тапсырысы негізінде мердігер ұйым – «Риголит» ЖШС Құрсай шағынауданын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында су құбыры желілерін жүргізіп жатыр.
– Жоба аясында жол-құрылыс жұмыстары барысында су құбыры желілерінің орнын ауыстыру қажеттілігі туындады. Осыған орай тиісті жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты құрылыс-монтаж жұмыстары уақытша баяулады. Жобаны 2026 жылғы наурыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Тұрғындар мен жол қозғалысына қатысушылардан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұраймыз, – делінген басқарманың жауабында.
Тұрғындарды алаңдатқан бұл жол аумағы А-2 айналма жолының 5-кезеңіне жатады. Жалпы реконструкциялау жұмыстары 2023 жылы басталған. Мамандардың айтуынша, жолды кеңейту жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланған.
Ведомствоның мәліметінше, нысан жалпы 8 кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда 1, 2, 3 және 4-кезеңдерде жол құрылысы толық аяқталып, көлік қозғалысына берілген.
– Құрсай және Қазығұрт шағынаудандарына инженерлік желілер жүргізілмегендіктен, 2025 жылға дейін тек күтіп ұстау және шұңқырларды жамау жұмыстары атқарылды. Қазір қайта құру, яғни 6 жолақты жол салу жұмыстары жүріп жатыр, – деді басқарма өкілдері.
Бұдан бұрын Шымкентте сапасыз салынған 170 млн теңгенің жол жабыны қайта төселгенін жазған едік.