Шымкентте тұрғындар жағымсыз иіске шағымданып жатыр

Фото: Kazinform

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент тұрғындары шаһардағы жағымсыз иістің жайсыздық тудырғанын айтып, шағымданып жатыр.

Тұрғындардың бірі газдың иісі десе, енді бірі өрттен кейінгі ыстың иісі терезені жапсаң да сезілетінін, тіпті үйдің ішіндегі заттарға дейін сіңіп жатқанын айтады. 

Әлеуметтік желі қолданушыларының көпшілігі мұны ірі өндіріс орындары мен мұнай өңдеу зауытымен байланыстырады.

Осыған қатысты Шымкент қаласы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары — бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Дүйсен Құлтілеуов жауап берді.

— «Қазгидромет» мекемесінің ақпараты бойынша, қазіргі таңда қалада жоғарғы ластану және экстремалды жоғарғы ластану фактісі тіркелмеген. Қала аумағында кешкі уақытта ауада түтіннің байқалуының негізгі себебі — ауа температурасының төмендеуі, автокөліктердің көптеп шоғырлануы, жеке секторларда құрғақ шөпті, күзгі жапырақтарды жағу жағдайларының көбеюі, — деді ол.

Жалпы, Шымкенттің атмосфералық ауа сапасына «Қазгидромет» мекемесіне тиесілі 7 бақылау экологиялық бекеті арқылы бақылау жүргізіледі.

Жуырда тұрғындардың жағымсыз иіске шағымы негізінде департаменттің сынақ зертханасының мамандары «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШС, Индустриалды аймақтардың санитарлық қорғау аймағынан тыс жерде, «Фиркан сити» аумақтарында ауа сапасына мониторинг жүргізген.

Ведомство өкілінің сөзінше, санитарлық-қорғау аймағында ауа ластағыш заттардың шекті рұқсат етілген нормалардан асып кетуі дерегі анықталмаған.

— Қаладағы 4 ірі кәсіпорын — «ПКОП», «Стандартцемент», «Шымкентцемент» ЖШС және «3-Энергоорталық» АҚ — автоматтандырылған мониторинг жүйесімен онлайн режимде бақыланады. Аталған жүйе нақты уақыт режимінде деректерді түсіреді, — деп атап өтті департаменттен.

Сонымен қатар, тұрғындардың шағымдары бойынша «Ордабасы» Индустриалды аймағындағы бір өндірістік кәсіпорынға тексеру тағайындалған.

Биылғы 10 айда экология департаменті тарапынан 29 тексеру жүргізіліп, 50 әкімшілік іс қозғалған, нәтижесінде шамамен 37,6 млн теңге айыппұл салынды (32,6 млн теңге өндірілді).

Индустриалды аймақтарда 12 мекеме тексеруден өткен.

— Экологиялық нұсқамаларды орындамаған 4 кәсіпорынға (оның ішінде «Китайско-Казахстанская Марганцевая Индустриальная Группа» ЖШС, «ХИЛЛ» ЖШС, «Гермес БЕ» ЖШС, жеке кәсіпкер Хабибулла) қатысты ҚР ӘҚБтК 462 бабының 3 тармағы бойынша хаттамалар толтырылып, сотқа жолданды, — деп нақтылады ведомство.

Экологиялық рұқсатсыз жұмыс жүргізген 4 кәсіпорынның қызметі уақытша тоқтатылып, айыппұл салынған.

Бұдан бұрын Шымкентте автокөлік иелері газ тапшылығына шағымданғанын жазған едік