Шымкентте тұрғындар жолайрық құрылысындағы көлік кептелісіне шағымданды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы 2025 жылдың желтоқсан айында басталған.

Фото: видеодан алынған скрин

Жолайрық құрылысына қатысты әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан сын-пікірлер айтылды. Тұрғындар құрылыс алаңындағы жұмыс қарқынының баяу жүріп жатқанын, жұмысшылар санының аз екенін және аталған аумақта көлік кептелісінен қозғалыс қиындағанын жазған. 

Осыған байланысты Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.

Фото: видеодан алынған скрин

– Ауа райының қолайсыздығы мен күннің аптап ыстығына байланысты жұмыс кестесіне өзгерістер енгізілді. Қызметкерлердің түскі үзіліс уақыты өндірістік қауіпсіздік талаптарына сәйкес реттеліп отыр. Қазір құрылыс алаңында 10 инженерлік-техникалық қызметкер мен 52 жұмысшы еңбек етіп жатыр, – делінген ресми мәліметте.

Басқарманың ақпаратына сүйенсек, құрылыс жұмыстарына 5 самосвал, 8 экскаватор, 3 жол тығыздағыш, 1 су тасымалдаушы автокөлік, 1 тиегіш және 1 автокран жұмылдырылған. Жоба бойынша бас мердігер – «BCN Group» ЖШС, ал техникалық қадағалаушы – «Баннур Б» ЖШС.

Фото: видеодан алынған скрин

– Қазіргі уақытта көпір бағаналары іргетастарын салу жұмыстары 50 пайыз, жергілікті оң жақ өткел құрылысы 90 пайыз, көпір арқалықтарын дайындау жұмыстары 60 пайыз аяқталды. Ал көпірдің ұстындарын орнату және құрылыс белдеуіне түскен инженерлік желілерді қайта орналастыру жұмыстары толық аяқталды. Жоба аясында Төлеметов және Шоқай көшелерінде жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткелінің құрылысы жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.

Ведомство өкілдері жолайрық құрылысын биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланғанын мәлімдеді.

Бұған дейін Шымкентте Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында және кіші айналма жолда жолайрық салуға бюджеттен 9,4 млрд теңге бөлінетіні туралы жазған едік. 

Сондай-ақ таяуда аталған жолайрық құрылысында 54 жастағы жұмысшының қаза тапқанын хабарлаған едік.