Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, алдағы жылу маусымына дайындық бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Қазіргі жөндеу жұмыстары қаланың 18,6 шақырым жылу желісін қамтиды.
— Қаладағы жылу желілерін гидравликалық сынақтан өткізу кезінде 135 ақау анықталды. Оның 95-і толық жойылды. Қалған 40 ақауды жою жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасып жатыр, — деп хабарлады ведомстводан.
Алдағы жылу маусымына 71 автономды және мектеп қазандығының 69-ы, яғни 97 пайызы дайын. Сондай-ақ ведомствоға қарасты 17 сорғы станциясының 13-і жөнделді. Олардың дайындығы 76 пайызға жетті. Бұдан бөлек «Шымсити», «Ақжайық» және «Тұран-1» қазандықтарында жаңа жылу алмастырғыш қондырғылар орнатылып жатыр.
— Қаладағы 2241 көпқабатты үйдің 1796-сы немесе 80 пайызы жылу маусымына дайын. Бюджеттік мекемелер арасында 211 нысанның 194-і, яғни 92 пайызы әзір. 950 көпқабатты үй бойынша сервистік ұйымдармен келісімшарт жасалды. Тағы 1291 үй бойынша келісімшарт жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деп мәлімдеді басқарма.
Ведомство өкілдері үй ішіндегі жылу жүйелерін сапалы дайындау үшін пәтер иелері, ПИК және мүлік иелері бірлестіктері (МИБ) сервистік ұйымдармен келісімшарттарды уақытылы жасауы қажет екенін атап өтті.
Басқарма сондай-ақ жылумен жабдықтаушы «Қуатжылуорталық-3» МКК мен қазақстандық электротехникалық компания Alageum Electric резервтік отын сақтауға арналған сыйымдылықтарды жөндеу жөніндегі меморандумға қол қоюды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Бұған дейін Қазақстанның жылу маусымына дайындығы туралы жазған едік.
Сондай-ақ Үкімет отырысында жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын баяу жүргізіп жатқан өңірлер аталды.