Шымкенттегі оқушылар төбелесі: қызғаныштан туған жанжал қылмыстық іске ұласты

Фото: Алина Тулеубаева/МИА "Казинформ"

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласындағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінің маңында болған жасөспірімдер арасындағы төбелесте қару қолданылған болуы мүмкін деген қауесет қылмыстық іс қозғауға себеп болды. Қақтығысқа қатысқан барлық тұлғалар ұсталды, полиция оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Әлеуметтік желілерде 21 қараша күні Mega Planet СОО маңында төрт жасөспірім өз құрдастарымен жанжалдасып, соңы төбелеске ұласқаны жөнінде ақпарат тарады. Сондай-ақ қатысушылардың бірі тапанша шығарып, оқ атты деген болжам айтылған. Абырой болғанда төбелестің соңы ауыр салдарға апарған жоқ. Алайда қала орталығында мұндай оқиғаның болуы қоғамда алаңдаушылық туғызды.

Полиция департаментіне қақтығысқа қатысқан кәмелетке толмағандардың әкесінен арыз түсті. Ведомство оқиғаға ресми түсініктеме беріп, ақпарат таратуда жауапкершілік таныту қажеттігін атап өтті.

— Қала тұрғынының кәмелетке толмаған ұлдарына дене жарақаты келтірілгені жөніндегі арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жанжалға қатысқан барлық тұлғалар заңды өкілдерімен бірге жедел түрде ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді, — деп хабарлады Шымкент қалалық ПД.

Алдын ала анықталғандай, жасөспірімдер бұрыннан бір-бірін таныған және олардың арасында қызғаныш негізінде жеке жанжал туындаған.

Полиция тергеу жұмыстарын жалғастырып, бейнебақылау камераларының жазбалары зерделеніп, қатысушылар мен куәгерлерден жауап алынып жатыр.

— Алдын ала тергеу-жедел шараларының, соның ішінде куәгерлердің көрсетулерінің нәтижесіне сәйкес, атыс қаруын немесе өзге де қаруды қолдану фактісі әзірге расталмай отыр, алайда бұл жайт қосымша тексеріліп жатыр, — деп қосты ведомство өкілдері.

Қақтығысқа қатысқан жасөспірімдер профилактикалық есепке алынды. Олардың ата-аналары кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылмақ.

— Материалдар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның қарауына жіберіледі, онда тиісті құқықтық баға беріледі. Полиция тексерілмеген, әдейі жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін жаза қарастырылғанын қатаң ескертеді, — деп мәлімдеді құқық қорғау органдары.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысында адам өлімімен аяқталған қайғылы оқиға болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, тоғызыншы сынып оқушысы сыныптасын кеуде тұсынан ұрып, салдарынан 15 жастағы жасөспірім оқиға орнында көз жұмған.

Сондай-ақ Жаңаөзен қаласында оқушының қатыгездікпен соққыға жығылғаны туралы хабарланған. Сыныптастары түлекті шетелдік жоғары оқу орнына грант жеңіп алғаны үшін ұрған болуы мүмкін деген болжам айтылған.