Шымкенттік әйелдің блефаропластикадан кейін бір көзі көрмей қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкентте тиісті сертификаты мен лицензиясы болмай, пластикалық хирургиямен айналысқан азамат сотталды. Ол жасаған блефаропластика операциясынан кейін пациенттің бір көзі көрмей қалған.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Бас прокуратураның хабарлауынша, сотталушы медициналық қызмет көрсетуге қажетті рұқсат құжаттары мен тиісті маман сертификаты болмағанына қарамастан, пластикалық хирургия саласында қызмет көрсеткен. Операциядан кейін жәбірленушінің бір көзінің көру қабілеті толық жоғалған.

— Сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 322-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, сотталушы 3 жыл бойы медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысу құқығынан айырылды, — делінген хабарламада.

Абай ауданының прокуратурасы лицензиясы мен тиісті біліктілігі жоқ адамдардан медициналық қызмет алу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жүкті әйелге бір мезгілде екі ота жасалғанын хабарлаған едік.