Шымкенттік жігіт алып қашты делінген 20 жасар бойжеткен жайлы тың дерек шықты

Фото: Фото: Kazinform

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Бұған дейін әлеуметтік желілерде шымкенттік жігіт 20 жасар бойжеткенді алып қашып, көнбеген соң зорлады деген ақпарат шыққан болатын. Ондағы мәліметте жас қыздың құрбылары араша түсіп, полициядан көмек сұрағаны айтылған. Полиция аталған фактіге қатысты тың дерек бөлісті. 

Ведомство мәліметінше, жас қыз өз еркімен тұрмысқа шыққанын, бір апта жігітпен бірге тұрғанын айтқан.

Бірақ кейін бірге тұра алмайтынын түсініп, кетіп қалған. 

Ал көпшілікке жалға ақпарат таратқаны үшін оның құрбысы жауапқа тартылған.

«Кеше әлеуметтік желілерде үйлену үшін қызды өз еркінен тыс ұрлау жайты туралы ақпарат тарады. Оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар полицияға жеткізілді. Өз жауабында азаматша аталған ақпаратты жоққа шығарып, жігіттің үйінде бір апта тұрғанын және одан әрі бірге өмір сүруден бас тартып, кетіп қалғанын, сондай-ақ қазіргі таңда ешкімге арыз-шағымы жоқ екенін жеткізді. Жыныстық зорлық-зомбылық көрсету туралы ақпаратты толығымен жоққа шығарды. Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқан азаматшаға қатысты әкімшілік шара қабылданды», -делінген полиция мәліметінде.

Еске салсақ, бұған дейін алып қашудың құрбаны болды делінген бойжеткенге қатысты полиция түсінік берген болатын.

Мұның алдында басқа бір шымкенттік бойжеткенді маңғыстаулық жігіт алып қашпақ болған еді. Бұл сәттің видеосы қала көшелеріндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалды.

Көп ұзамай жас жігіт сот үкімімен кінәлі деп танылып, 4 жылға сотталды.