Шыңжаңдағы 1,6 млн этникалық қазақ Қазақстан мен Қытай әріптестігін нығайтуға үлес қосып отыр - елші

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Ұлттар істері жөніндегі мемлекеттік комитеті мен ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметінің шақыруымен Қашғар қаласына (ШҰАА) барып, «Шыңжаңның тарихы мен болашағы» атты халықаралық форумға қатысты.

Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, елші іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеп, форумға қатысушыларды Қазақстан мен Қытай қатынастарының жай-күйі мен даму перспективалары туралы хабардар етті.

Ш. Нұрышев Қазақстан мен Шыңжаң арасындағы серпінді ынтымақтастыққа ерекше назар аударып, ШҰАА аумағындағы 1,6 млн этникалық қазақтың «алтын көпір» ретінде Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты стратегиялық әріптестікті нығайтуға қосып отырған үлесін атап өтті.

Аталған іс-шараға ҚХР Ұлттар істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің Төрағасы Пань Юэ, ШҰАА Халық үкіметінің Төрағасы Эркин Тунияз, Бейжің университеті Партком хатшысының орынбасары Цзян Гохуа, Орталық ұлттар университеті мен Қашғар университетінің ректорлары, сондай-ақ Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Австралия, Мысыр, Германия, Мажарстан, Италия, Ресей, АҚШ, Моңғолия және т.б. 170-тен астам сарапшылар мен ғалымдар қатысты.

«Шыңжаңның тарихы мен болашағы» атты халықаралық форум аймақтағы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелеріне, сондай-ақ Шыңжаң мәдениеті мен тарихын жақсы түсіну үшін халықаралық алмасулар мен бірлескен зерттеулерге ықпал етуге бағытталған.

Сапар барысында қазақстандық делегация «Қашғар паркі» экономикалық даму аймағына барып, өңірдің сауда-экономикалық әлеуетімен және шекаралас елдермен жүріп жатқан сауда жобаларымен танысып, Қазақстанмен ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Қашғардың экономикалық даму аймағында 4 мыңнан астам тіркелген кәсіпорын, оның ішінде 250-ден астам сыртқы сауда кәсіпорындары бар. Қашқар ауданы Шыңжаңның сыртқы саудасында маңызды орын алады, 2023 жыл қорытындысы бойынша оның ШҰАА импорты мен экспортындағы жалпы үлесі 23,4% құрады.