Шипажай маңындағы орман қоршалды: Бурабайда тексеру жүргізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару департаменті Бурабай ауданындағы орман ішінде құрылыс жүргізу үшін рұқсат құжаттарынсыз қоршалған жер телімін тексереді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Kazinform

«Щучинский» шипажайына жақын маңдағы Бурабай орманында құрылыс жүргізу үшін қоршалған жер теліміне қатысты мәселе қайта көтерілді. Жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырған бұл жағдай бойынша аудан әкімдігі тексеру жүргізгенімен, бурабайлықтардың айтуынша, ормандағы құрылыс жұмыстары тоқтамаған. Бұған дейін қазылған бағандардың орнына қазір қоршау орнатылған.

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мәліметінше, жер телімінің нақты орналасқан жерін және оның ерекше қорғалатын табиғи аумақ шекарасына қатыстылығын анықтау үшін сол жерде тексеру жүргізілген.

— Тиісті материалдар қарау және құзыреті шегінде шаралар қабылдау үшін Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды, — деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Ал Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару департаменті мемлекеттік бақылау бөлімінің мамандары бұл мәселені қарастырып жатқанын хабарлады. Тексеру қорытындысы қосымша жарияланады.

Бұған дейін Бурабай орманында құрылысқа рұқсат құжаттарынсыз жер телімі қоршалғаны хабарланған болатын. Бурабай ауданының әкімдігі жер теліміне барып, нысан құрылысына қажетті рұқсат құжаттарының жоқ екенін анықтаған.