Бурабайдағы орман аумағын қоршап, құрылыс салмақ болған
АСТАНА. KAZINFORM — Бурабай ауданының тұрғындары «Щучинский» шипажайы маңындағы орманның қоршалуына наразылық білдірді. Олардың айтуынша, бұл аумақта құрылыс салу жоспарланған.
Әлеуметтік желіде тараған видеода жергілікті тұрғындар шипажай маңындағы орман алқабының қоршаумен қоршалғанын көрсеткен.
— Кадрлардан орман аумағының барған сайын қоршаулармен қоршалып жатқанын көруге болады. Тұрғындардың айтуынша, бұл жерде құрылыс салу жоспарланған. Сонда ақыр соңында орманымыздан не қалады? — делінген видеодағы жазбада.
Бурабай ауданының әкімдігі мәліметінше, биыл 28 қазанда әкімдік ұйымдастырған комиссия «Щучинский» шипажайы маңындағы жер учаскесіне барып, қоршау орнатылуы мен жоспарланған құрылыс мәселесін тексерген.
— Тексеру барысында жер учаскесінің игерілмегені, қоршау орнату жұмыстары жүргізіліп жатқаны анықталды. Сонымен қатар нысан құрылысына қажетті рұқсат құжаттары жоқ, — деп түсіндірді аудан әкімдігі.
Шенеуніктердің хабарлауынша, осы дерекке қатысты материалдар Ақмола облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жолданады. Департамент мәселені өз құзыреті бойынша қарап, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдайды.
Еске салайық, мұның алдында Ақтауда Каспий теңізінің жағалауынан коммерциялық мақсатта берілген 5,9 гектар жер сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлағанбыз.