Ішкі саясат тұжырымдамасын әзірлейміз – Аида Балаева
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның ішкі саясат тұжырымдамасы әзірленеді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлім етті.
- Президент өз сөзінде ішкі саясат саласында жүргізіліп жатқан барлық жұмысты жүйелейтін бірыңғай тұжырымдамалық құжат әзірлеу қажеттігін атап өтті. Аталған бағыт бойынша барлық мүдделі тараптың қатысуымен арнайы тұжырымдама әзірленеді. Бұл құжатта мемлекеттің идеологиялық жұмысының мақсаты, міндетті мен басымдықтары нақты көрсетіледі. Ұлттық бірегейлігімізді, өмір салтымызды көрсететін негізгі ұлттық құндылықтар мен рәміздер белгіленеді, - деді Аида Балаева елордада өткен ардагерлер кеңесінің пленумында.
Одан әрі министр ведомстволық наградалардың тағайындау мәселесін көтерді.
- Ведомстволық наградаларды беру жүйесін реттеу және олардың иегерлерінің міндетті тізілімін жүргізу жөнінде бірқатар жұмыс істеліп жатыр. Бүгінде бекітілген жалпы 159 ведомстволық награда бар. Аталған наградаларды тағайындауда бірыңғай тәсілдерді енгізу бойынша халықаралық тәжірибеге талдау жүргізіліп жатыр. Нәтижесі бойынша ведомстволық наградаларды оңтайландыру туралы ұсыныстар Президент жанындағы комиссия қарауына осы айда енгізіледі, - дейді ол.
Еске сала кетсек, биыл Бурабайда өткен ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ішкі саясаттағы шаруаның бәрін жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат керектігін айтқан еді.
Айта кетейік, бүгін елордада республикалық ардагерлер ұйымы кеңесінің кезекті пленумы өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты.