— Келесі мәселе — республикалық маңызы бар жолдар. Қаза тапқандардың тең жартысы осы жолдарда орын алып жатыр. Адам өлімі ең көп тіркелген жол учаскелері Жамбыл облысында «Алматы — Ташкент» трассасы — 60 адам, Алматы облысында: «Алматы — Бішкек» — 33 адам, «Алматы — Өскемен» — 12 адам және «Алматы — Көкпекті — Көктал» трассасы — 17 адам, сондай-ақ, Ақтөбе облысында: «Шымкент — Самара» — 19 адам, «Ақтөбе — Атырау» бағытында 14 адам көз жұмды, — деді ол.
Ержан Сәденовтің айтуынша, жол бойындағы сервис сапасы да айтарлықтай жақсы емес. Кемпинг және тамақтану орындары өте аз. Жүргізушілер демалыссыз көлікті айдауға мәжбүр. Соның салдарынан, ұйқтап кетеді.
— Жалпы, заманауи талаптарға жолдардың тек 16 пайызы ғана сай келеді. 1-санатқа жататын 6 мың шақырым жол салынуы қажет. Оның тиімділігі өте жоғары. Мысалы, Қарағанды мен Алматы арасында 4 жолақты магистраль іске қосылды. Осы учаскеде адам өлімі 47 пайызға азайды. Көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» бұл мәселені тездетіп қолға алу керек. Сонымен қатар, әкімдермен бірлесіп, қысқы кезеңге дайындалу қажет: Техниканың жарамдылығын қамтамасыз ету, инертті материалдың жеткілікті қорын жасақтау, жылыту пункттерді ұйымдастыру, хабарландыру жүйесін пысықтау. Осының бәріне қазірден бастап дайындықты бастау керек, — деді министр.
Айта кетейік, отырыста жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралып, жылу беру маусымына дайындық барысы пысықталып жатыр.