Тергеу барысында анықталғандай, азаматтар шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге дайындық курстарына жазылып, келісімшартқа қол қойып, толықтай төлем жасаған. Алайда оқу процесі мүлде басталмаған, көрсетілуі тиіс білім беру қызметтері ұсынылмаған.
− Азаматтардың ұжымдық өтініші негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында оқыту орталығында білім алу үшін төлем жасаған азаматтардың уәде етілген оқу қызметтерін алмағаны анықталды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, − деп жазылған Ішкі істер министрлігінің Телеграм-арнасында.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Астана қалалық ПД басшылығының бақылауында.
Кеше елордалық ата-аналардың Gasyr Foundation білім беру орталығына жаппай шағымданғанын хабарлаған едік. Елдегі білім беру орталықтары мемлекеттік органдардың бақылауынан тыс қалып отыр.