Ішкі істер органдары қызметкерлеріне арналған жаңа әдістемелік құралдар таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің тапсырмасы бойынша ведомствода жедел-криминалистикалық департамент қызметкерлері әзірлеген әдістемелік құралдардың таныстырылымы өтті, — деп жазды Polisia.kz.

Фото: Polisia.kz

Іс-шараға Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Адилов төрағалық етті. Таныстырылымға министрліктің орталық аппараты мен аумақтық ішкі істер органдарының басшылары, сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының өкілдері қатысты.

Фото: Polisia.kz

Іс-шара барысында бағдарламалық басқарылатын құрылғылардың көмегімен орындалған қолжазба мәтіндер мен қолтаңбаларды зерттеу, портреттік сараптамалар жүргізу, баллистикалық объектілермен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, оқиға орнын қарау кезінде биологиялық іздерді алу тәртібі, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезіндегі қызметкерлердің іс-қимыл алгоритмдеріне арналған әдістемелік құралдар таныстырылды.

Ұсынылған әрбір құрал отандық криминалистика мектебін дамытуға, буындар сабақтастығын нығайтуға және ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығын одан әрі жетілдіруге елеулі үлес қосады. Дайындалған әдістемелік материалдар практикалық қызметте кеңінен қолданылып, ішкі істер органдары қызметкерлерінің күнделікті жұмысындағы сенімді құралға айналады.

Айта кетейік, Қазақстан полициясы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үшін 345 қылмыскерді тауып, ұстады.