Ішкі су қоймалары қаншалықты толды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ішкі су қоймаларындағы су көлеміне қатысты мәліметтермен бөлісті.

Фото: «Қазгидромет» кәсіпорнының облыстық филиалы

- Қазіргі ішкі су қоймаларының толымдылығы жағдайы жалпы тұрақты. 2026 жылдың 5 мамырындағы мәлімет бойынша, оңтүстік өңірлердегі су қоймаларында 26,2 млрд текше метр су жиналған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 500 млн текше метрге артық. Балқаш-Алакөл бассейніндегі су қоймалары 97 пайызға толы. Алматы облысына 2026 жылға 2,1 млрд текше метр, Жетісу облысына 1,8 млрд текше метр су лимиті бекітілген, - деді министр.

Оның мәліметінше, жиналған су көлемі салыстырмалы түрде жоғары болғанымен, Алматы облысында Күрті су қоймасы аумағында су тапшылығы қаупі сақталып отыр. Қазір қоймада 64 млн текше метр су бар. Бұл өткен жылғыдан 38 млн текше метрге аз.

- Шу-Талас бассейнінде су қоймалары 81 пайызға толы. Мұндағы негізгі алаңдаушылық – Қырғызстан аумағындағы Киров және Орто-Токой су қоймаларының аз толуы. Осыған байланысты 2026 жылға Шу-Талас бассейні үшін су лимиті 1,2 млрд текше метрден 900 млн текше метрге дейін төмендетілді. Арал-Сырдария бассейнінде ірі су қоймалары 87 пайызға толы. Бұл өткен жылғыдан 13 пайызға жоғары. Шардара су қоймасы 99 пайызға толған, - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, қалыптасқан гидрологиялық жағдайға және Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының шешімдеріне сәйкес, Қызылорда облысына тұрақты суаруға 3,2 млрд текше метр, Түркістан облысына 3,8 млрд текше метр лимит белгіленді. Бұл лимиттер негізінде ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік құрылымы да оңтайландырылды.

Айта кетейік, Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарының барысы талқыға салынып жатыр.