ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр – ҰҚК
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Бұған дейін әлеуметтік желілерде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Осыған байланысты Kazinform агенттігінің ресми сауалына ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті жауап берді.
– Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз, - делінген ведомство жауабында.
Сондай-ақ ҰҚК өкілдері өзге мәліметтің жария етілмейтінін атап өтті.
– ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, - деді бөлімше бастығы О. Бектенов.
Бұдан бұрын ШҚО әкімдігі аталған лауазымды тұлғаға қатысты пікір білдірген еді. Әкімдіктің мәліметінше, интернетте тараған ақпарат ресми дереккөздер арқылы расталмаған. Сондай-ақ лауазымды тұлғаның денсаулығына байланысты уақытша еңбек демалысында екені хабарланған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алатауда колония басшысының экс-орынбасары бірнеше рет пара алды деген күдікпен ұсталғанын хабарлағанбыз.