ШҚО-да 300-ден астам азамат қос азаматтыққа қатысты заң бұзғаны үшін есепке алынды

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері ШҚО-да 300-ден астам азаматтықтан айырылу дерегі тіркелді. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Фото: Polisia.kz

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі азаматтық саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. 

— Жыл басынан бері өңірде Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылудың 300-ден астам дерегі тіркелген. Аталған жағдайлардың басым бөлігі азаматтардың көршілес мемлекеттің азаматтығын алуымен байланысты болған. ШҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ринат Шкибаев атап өткендей, заң талаптарын бұзғаны үшін 18 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 14 азамат шетел азаматтығын алғаны туралы уәкілетті органдарға белгіленген мерзімде хабарламаған. Ал тағы 4 адам азаматтығынан айырылғанына қарамастан Қазақстан Республикасы азаматының құжаттарын пайдалануды жалғастырған, — делінген хабарламада.

Мәселен, көші-қон қызметінің қызметкерлері наурыз айында басқа мемлекеттің азаматтығын алған ерлі-зайыптыларды анықтады. Алайда олар бұл туралы мемлекеттік органдарға уақытылы хабар бермеген. Құқық бұзушылардан Қазақстан Республикасы азаматтарының құжаттары тәркіленіп, азаматтықтан айырылу фактісі ресми түрде тіркелді. Кейін олар ел аумағынан шығарылып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасына бес жыл мерзімге кіруге тыйым салынды.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес елімізде қос азаматтыққа жол берілмейтінін еске салады. Полицейлер азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға және азаматтық өзгерген жағдайда бұл туралы мемлекеттік органдарға дер кезінде хабарлауға шақырады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодарда қос азаматтықпен жүрген тұрғын елден шығарылған болатын.